қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
07.03.2019

Тіл және таным

 


 

Мемлекеттің дамуында, маңызды мәселелерді шешуде мемлекеттік тілдің, ана тіліміздің атқарар рөлі зор. Жастардың басым бөлігі батысқа еліктеп, өзге тілдің жетегіне ерген тұста қазақ тілінің мәртебесін арттырып, тұғырына қонуы үшін мылтықсыз майданда кірпік қақпай алғы шептен көрініп, тізгінді қолға алуымыз керек. Аласапыран кезеңде олардың бойына ана сүтімен дарыған тілдің қадір-қасиетін ұғындырып, ұлттық құндылықтармен, ұлттық нәрмен сусындатып, ұлтымыздың төл тарихына бойлату бүгінгі аға буынның алдында тұрған міндеттердің бірі.

 

Бұл жайында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жақсы айтылған. «Бұл - тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. ... Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» деп атап көрсетеді Мемлекет басшысы.


Абай атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінде Шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық фа­куль­тетінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың жеті қыры: тіл және таным» атты дөңгелек үстел өтті.


Жиынға тіл жанашыры, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультеті қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы Алтынай­ Тымболова­ құрметті қонақ ретінде шақырылды.


Аталған оқу орнының оқытушысы, фило­логия ғылымының кандидаты, Қазақ­с­­­тан­ Журналистер одағының мүшесі Рыскен­ Әбішеваның ұйытқы болуы­мен ұйымдастырылған жиын еліміздің Әнұраны­нан бастау алды. Көкөрім жастардың арасынан қараторы қыз бен жігіт бірден көзге түсіп, жүрекке жылу ұялатты. Олардың қазақ тіліне деген құрметі, қазақ еліне деген махаббаты менмұндалап тұрды. Сұрастыра келе білгеніміз, конголық жастар екен. 21 жастағы Маий Корин Киангала мен 19 жастағы Любаса­ Лионель Киангала Конгодан Қазақстанға қазақ тілін үйренуге арнайы келген. Аталған оқу орнының дайындық факультетінде филология мамандығы бойынша қазан айынан, яғни төрт айдан бері оқып-үйреніп, қазақ тілінің қыр-сырымен танысуда.


Алғашқы сөзді Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-ға дейінгі дайындық факультетінің деканы, педагогика ғылымының кандидаты, доцент Ғалия Таубаева алып, жиынның мақсат-мүддесіне тоқталды. Мемлекетіміздің діңгегі - ана тілімізде екенін, оның қадір-қасиетін бағалап, салт-дәстүрімізді дәріптейтін саналы, білімді, ұлттың тарихын, мәдениетін, әдебиетін терең меңгерген жастарды даярлау ұстаздың алдындағы басты мақсат екенін тілге тиек етіп, бұл тұрғыда Елбасының Жолдаулары бағыт-бағдар беретінін атап өтті. Ал құрметті қонақ филология ғылымының докторы, профессор Алтынай Тымболова мәселені тереңнен қозғады.


Ұлы даламыздың тарихындағы атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, Алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы және т.б. жеке-жеке тоқталып, әрқайсысын тарихпен байланыстырып, мысал келтіре отырып, шешен тілмен төгілте әңгімелеп, жастардың санасына шынайы жеткізді. Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасындағы жайттарды жастарға тарихи деректермен дәйектей отырып жеткізген ғалымға факультет басшылығы мен шәкірттер дән риза болып, жылы лебіздерін білдірді.


Аталған шарадан алған зор танымдық мағлұматтар жастардың білімін молайтып, рухани күш сыйлады. Ұлттық код, ар, ұят категориялары сөз болған жиында жаны да, жүрегі де таза жастардың білімге құштарлығы қуантты. Көздері бал-бұл жайнап, білсем, көрсем, үйренсем деген жасты көрдік. Көкейдегі сауалдарын қойып, «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» демекші, ұлттық құндылықтарға сусындай отырып, көкірек көзі ашылғанын, өмірдің мәні - білімде екенін, өздеріне бағыт-бағдар берген ғалымға алғысын жеткізген жастар көп болды.


Жиын барысында «Ана тілі» ұлт газетінің бөлім редакторы Б.Балаубаева, аталмыш оқу орнының Шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-ға дейінгі дайындық факультеті деканының орынбасары Салтанат Жүнісова, факультеттің оқытушысы, магистр Шайзат Жанысбекова және т.б. сөз сөйлеп, бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлы мұраны қадірлеу, оны сақтау кейінгі ұрпаққа аманат екенін, бұл жолда әр қазақ баласы өзінен бастап, ұлтының жоқшысы болуы қажеттігін айтты.


Жиын соңы өр мінезді отаншыл жас­тардың ән-күйі мен жырына ұласты. Домбы­радан күй төгіліп, жүрек түкпірінен шыққан тіл жөніндегі өлең шумақтарын оқыды. Жігерлі жас Ернар Тұрсын Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиссасын» төгілтсе, тіл тағдырына бейжай қарамаған Айдынбек Өтеш «Оян, қазақ» атты арнау өлеңін оқып, көпшіліктің көзайымына айналды. Олардан қыздар да қалыс қалмады. Тыңдарманға М.Мақатаевтың жыр шумақтарын нақы­шына келтіре орындады.


Иә, тіл тағдыры - ұлт тағдыры. Жастар­дың бойкүйездікке салынбай, ерік-жігерінің асқақ, рухының биік болуын тілейік.

 

 

Авторы: Аяжан Тілеуберген

07.03.2019 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz

 



175

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler