қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
13.03.2019

Асылы Осман көкек-аналар жайлы айтты

 


 

Қазақ білімінің қара шаңырағы ­- Абай атындағы ҚазҰПУ шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті ұстаздарының ұйымдастыруымен «Қызым, саған айтам...» атты сырласу кеші өтті.

 

Салтанатты шараға белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Достық» және «Парасат» ордендерінің иегері Асылы Осман арнайы келіп, студент-қыздармен әңгіме өткізді.

 

Кездесуді ашқан факультет деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ғалия Таубаева жастарға кеш қонағын таныстырып, шараның негізгі мақсатына тоқталды.

 

- Қазіргі таңда отбасы тәрбиесіне, жастар мәселесіне айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Жастарымыздың түрлі жат мәдениет жетегінде кетуі отбасы тәрбиесінің әлсіздігінен болады. Осыған байланысты біздің университетіміздің студенттері сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар меңгеруі керек. Жастар тәрбиесі, оның ішінде, әсіресе, қыз бала тәрбиесі қандай болу керек деген мәселені кеңінен қамтып, пікір-алмасу үшін біз Асылы апайды сөзге тартқалы отырмыз, - деді Ғ. Таубаева.

 

Мәртебелі мейман студенттерге ең бірінші отанды сүю керектігін айтып, өзінің өмір жолына тоқталды. Кешегі соғыс жылдары қазақ сахарасына жер аударылған Кавказ халқының өкілдерін өзекке теппей, төрінен орын беріп, аузындағы асымен бөліскен қазақ елін дархандығы даласынан, тектілігі бабасынан дарыған халық деп ерекше құрмет тұтатынын айтып өтті. «Мені дара тұлға еткен де, абзал азамат еткен де осы қазақ халқының кеңпейілділігі. Біз оны ешқашан ұмытпауымыз керек. Осы тыныштық пен тұрақтылықтың мәңгі сақталуына барлығымыз мүдделі болуымыз керек. Менің бір ғана Отаным бар ол - Қазақстан. Мен осындай халықпен бірге жасап келе жатқанымды әрқашан мақтан тұтамын», - деді Асылы Әлиқызы. Сондай-ақ, ол қыз бала тәрбиесіне кеңінен тоқталып, қазіргі мамыражай замандағы тастанды балалар мен көкек-аналардың көбеюі тәрбие мектебінің дұрыс қалыптаспағандығында жатқанын айтып, біздің ер-жігіттеріміз намысты болып, қыз баланы ешқашан қорламауы керектігін де атап өтті. Өз сөзінде Асылы ханым: «Қыз баланың көз жасы да киелі, наласы оның найза болып тиеді» деп халқымыз айтқандай, ер-азаматтар қаракөз қыздарымызды болашақ ана деп құрметтеуі тиіс. Сонда ғана өмірде болып жатқан келеңсіз жайлар орын алмайтын болады», - деді.

 

Кеште студенттер өздерін мазалап жүрген түрлі мәселелер мен қоғамда болып жатқан түрлі жайттарға байланысты сұрақтар қойып, пікір алмасты. Факультеттің талантты студенттері Айдынбек Өтеш, Ернар Тұрсын аналарға арнау оқып бір қуантса, Нұралы Айшаның «Жетімдер» монологы мен Айдана Еркінәліқызының ұстаздар мен Асылы ханымға арнаған өлеңдері жиылған қауымды бір ойландырып тастады.

 

Тәрбиесі мол танымдық кешті жүргізген шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-ға дейінгі дайындық факультетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рыскен Әбішева өзінің бай тәжірибесімен бөліскен құрметті қонаққа рахмет айтып, сый-кәде табыстады.

 

 

Авторы: Шоқан Құттыбаев

13.03.2019 ж.

Ақпарат көзі: 7-su.kz

 



434

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler