қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
20.02.2019

Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығы ашылды

 


 

19 ақпан күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ректор Такир Балықбаевтың қолдауымен университетіміздің түлегі, өмірден ерте кеткен, қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін бір арнада тоғыстырған, республикалық және халықаралық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Оразалы Досбосыновтың құрметіне «Оразалы Досбосынов» жас ақындар орталығының тұсаукесері болып өтті.


Іс-шараны ашқан ректор Такир Балықбаев шараның маңызына кеңінен тоқталды.

 

«Оразалы көзі тірісінде республикалық және халықаралық айтыстарда топ жарып, ақтангер ақын атануымен бірге айтыс өнерінде өзіндік мектебін қалыптастырып кеткен талант иесі. Оны мәңгі есте сақтау тірілердің парызы деп білеміз. Осы мақсатпен біз бүгін «Менің пірім - Сүйінбай» ІІІ республикалық студент-ақындар айтысын Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығын ашудан бастағалы отырмыз. Бұл біздің Оразалы түлегіміздің рухына деген құрмет деп біліңіздер. Бұл мектептен елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, ойы ұшқыр, шабыты шалқар жас ақындар легі қанат қағады деп сенеміз», - деді ректор.


Орталықтың ашылуына шақырылған ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағының төрағасы Жүрсін Ерман және филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов «Оразалы Досбосынов» атындағы жас ақындар орталығының жұмысына сәттілік тіледі.


Бұл орталықтың ашылу лентасын Оразалының қызы Нұрайша қиып, университет басшыларына алғысын білдірді. Мерекелік шара «Менің пірім - Сүйінбай» ІІІ республикалық студент-ақындар айтысымен жалғасын тапты.

 

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қоғаммен байланыс бөлімі

20.02.2019 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com

 



278

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler