қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
27.01.2019

Мұз үстіндегі мереке

 


 

Күн батып, аспан әлемін мың сан жұлдыз өрнектеген шақ. Биікте орналасқан мұз айдынының бетін таудан соққан суық ызғар жалап тұрса да, университеттің біркелкі жарасымды форма киіп, аяқтарына жалт-жұлт еткен болат коньки байлаған 700-ден астам студенті мұз үстіндегі мерекені әп-сәтте қыздырып жіберді. «Алға, Қазақстан!», «Алға, Қазақстан жастары!» деп ұрандатқан студенттердің асқақ үні таудың биік шыңдарына өрледі. Студенттердің бұл флеш-мобы Жастар жылының мәні мен мағынасын айқындай түсті.

 

Осылайша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы мен студенттері Жастар жылының ашылуына арналған алғашқы іс-шараны «Медеу» мұз айдынынан бастады. Студенттерді Жастар жылымен құттықтаған университеттің бірінші проректоры, профессор Мақтағали БЕКТЕМЕСОВ Елбасының жастарға жасап отырған қамқорлығы туралы баяндады.

 

- Мемлекет басшысы Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты форумда жас отбасыларын баспанамен, жұмыспен қамтуға, ғылым-білім, бизнес және өнер саласында жүрген қыз-жігіттерді қолдауға, жастардың білім алуына, әлеуметтік жағдайын түзеуге, оларды отбасылық өмірге бейімдеуге бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылатынын айтып, жас буынның өмірге деген құлшынысын арттыра түсті. Елбасы Н.Назарбаевтың жастар жөніндегі саясатын жүзеге асыруға байланысты ректор Такир Балықбаевтың бастамасымен университетте көптеген мақсатты жұмыстар жүзеге асырылуда. Жастар жылына арналған іс-шаралар жоспары да ауқымды. Бүгінгі мұз айдынында жаппай сырғанау, флеш-моб, мұз үстіндегі мереке - міне, осының бәрі жастар жылына арналып отыр, - деді ҚазҰПУ-дың бірінші проректоры.

 

Бұдан кейін асқақтата ән шырқап, дөңгелене би билеп, конькимен заулата сырғанаған жастар «Медеу» шатқалын түннің біразына дейін жаңғыртты. Жастар жылына арналған мерекені жоғары деңгейде өткізген университет ректоры Такир Балықбаевқа, бірінші проректоры Мақтағали Бектемесовке және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жанатбек Ішпекбаевқа, сонымен қатар, тәрбие және жастар ісі жөніндегі департамент қызметкерлеріне көпшілік шын көңілден алғыс айтты.

 

 

Авторы: Мырзахан Ахметов,

Абай атындағы ҚазҰПУ қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

27.01.2019 ж.

Ақпарат көзі: 7-su.kz

 



331

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler