қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / Жаңалықтар
23.01.2019

«Ұлы дала тұлғалары» орталығы


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде болашақ мұғалім мамандарын ел тарихындағы көрнекті тұлғалар тағылымында тәрбиелеу, солар арқылы мектеп оқушыларын тұлға ретінде қалыптастыру мақсатымен «Тұлғатану» орталығы ашылып, ол бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық еңбектерінен туындайтын міндеттерге байланысты университетте «Ұлы Дала тұлғалары» орталығы ашылды. Оның құрамында Қоғамдық кеңес, «Тұлғатану» және «Ұлы тұлғаларды дәріптеу» бөлімдері жұмыс істейтін болады.


22 қаңтар күні жаңа орталықтың Қоғамдық кеңесінің алғашқы мәжілісі болып өтті. Онда Қоғамдық кеңестің құрамы бекітілді. Кеңестің төрағасы болып Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев, орынбасары болып ҚР ҰҒА академигі Көпжасар Нәрібаев сайланды. Қоғамдық кеңестің құрамына М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері Ақыш Нұрдәулет, Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Қуаныш Әлижан, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалым-хатшысы Болатбек Батырхан, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі Орнай Жұбаева, белгілі жазушы, Жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы, ҚР ҰҒА академигі, көрнекті тарихшы Мәмбет Қойгелдиев. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі Сәулебек Рүстемов және университет ғалымдары Жанатбек Ішпекбаев, Дана Мұқатова енді.


Қоғамдық кеңес мүшелері «Ұлы Даланың тұлғалары» орталығының алдағы міндеттері, атқаратын жұмыстары туралы ой бөлісті. Сонымен бірге оқу үдерісіне «Тұлғатану» пәнін енгізу, осы арқылы болашақ мамандардың тұлғалық қасиетін қалыптастыру туралы мәселе көтеріліп, оның жобасы Қоғамдық кеңес мүшелеріне ұсынылды.


Мәжілісті Қоғамдық кеңес төрағасы Такир Балықбаев қорытындылады.

 

   

 

   

 

   

 

  


Қоғаммен байланыс бөлімі



796

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler