қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
16.01.2019

Анкара мен Астана

 


 

Цифрлы технология арқылы түркілік санаға сәуле түсірмек


Цифрлы жүйедегі ақпараттар тақырыбым болған соң, Түрік елінің астанасы - Анкара шаһарында үш айдай тәжірибе алып, дәріс тыңдадым. Мұнда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының біраз шарасына қатысып, ондағы шарапатты шаруалардың шуағына шомылдым. Оңаша сәттерде отан жаңалықтарын да қалт жібермейміз. Желтоқсанның бір кешінде Qazaqstan ұлттық арнасынан Альбина Әшімнің компьютерлік қарекет жайында жасаған қызықты сюжетін көзім шалды. Бейнебаянның басты кейіпкері Әсел Лахаева замандасыммен ТҮРІКСОЙ ұйымында өткен әнші-ақын Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойында және Қазақстан елшілігі атап өткен Тәуелсіздік күні мерекесінде Қажы Байрам Вели университетінің докторанты Мырзахан Байжанұлы таныстырды.

 

ОNLINE мен ОРТА

Online жүйесі қазір қандай да бір қызметтердің ортақ идеяда жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Үкіметтік-әкімшілік құзыреттер мен ғылыми-мәдени мағлұматтар осындай жолмен жарияланады. Елбасымыздың жылдағы Жол­даулары мен маңызды мақала­ла­рын аймақтардың кітапханалары, оқырмандар мен әріптестер ара­сында осылай талқыланып жатады. Алыстағы Әсел осы байла­ныс­тар­дың игілігін халықаралық қа­ты­нас­тарда, түбі бір туысқан ұлттар арасында жандандыруды қалайды.

 

Әрине, әр ниеттің нәтижелі орындалуы жеке адамның өзіне байланысты болғанымен, қорша­ған ортаның ықпалымен дамиды. Әсел - Жамбыл облысы Шу қала­сы­ның тумасы. Жаңа ғасыр басын­да Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Халықаралық қа­тынастар факультетін тамамдаған. Ордалы оқу ошағын бітірген жылы талабының арқасында білім гран­тын жеңіп алып, Түркияның Из­мир қаласындағы Егей универ­ситетінде екі жыл магистратура бойынша дәріс тыңдаған. Содан «Астана» телерадиокомпания­сында тілші, Мәдениет ми­нистр­лігінде қызмет етеді. Туысқан елдің тілін біліп, біліміне сусындаған сол жылдары жаңа жобамен министр­лікке келген түрік жігітімен та­ны­сады. Бұл Өмер Айқұрт деген азамат болатын. Көңіл қосқан жастар 2012 жылы отау құрып, Түрік жұртының ресми тұғыры - Анкараға қоныс аударады. Дәм-тұзы жарасқан екі жас енді екі елдің арасын рухани байланы­су­мен байытпақ. Әсел де - ұлтын сүйген ұқыпты қыз, ал Өмер - Қара­те­ңіз­дің жағасындағы Самсун қала­сы­ның тумасы. Жоғары білімді азамат қазіргі таңда Түркия Мәде­ниет министрлігінде қызмет істей­ді. Ол туған қаласы жайлы тарихи деректер жинайды. Осы мақсатта 2007 жылы Түркия Республикасы мәдениет және тарих YERTAD қауымдастығын құрған. Самсун қаласы туралы жазылған тарихи деректер мен шығарылған пошта маркалары, суреттер, фильмдер, тіпті темекі сияқты тауарлардың қорабын да жинақтаған. Осы қы­зығушылық дами келе отау мүше­ле­рі 2015 жылдан ескі, тарихи кі­тап­тар жинаумен айналыса бас­таған. Осыдан тоғыз ай бұрын Ан­ка­радағы қазақтың бірнеше қыз-келіншегі бірігіп «Көк ту» атты қа­зақ мәдени қоғамын құрған. Қо­ғамның ашылу салтанаты Түр­киядағы Қазақстан елшілігінде өткен. «Көк ту» қазақ қоғамы аз уа­қытта біраз шаруа атқарыпты. Мысалы, қазақстандық режиссер Ермек Тұрсыновтың бес фильмін түрік тіліне аудартып, таныстыру апталығында оны бірнеше кино­театр­дан көрсеткен. YERTAD қа­уымдастығымен бірлесе отырып, Қазақстан елшілігінің қолдауымен Османлы мұрағаттарынан табылған Қазақ хандығымен байланысқан хаттары мен географиялық карта­ларына Анкарадағы Ұлттық кітап­хана мен Қажы Байрам Вели уни­верситетінде көрме ұйымдастырған. Жас суретші, докторант Кәрім Бай­ғұтов бауырымыздың қылқа­ла­мынан шыққан дүниелерді де көпшілікке паш етіпті. Әселдің өзі отбасылық «Тараз» фирмасы мен осы аттас баспаханаға жетекшілік етеді. Бүгінде Қажы Тепе универ­ситетінің докторанты.

 

E-mail мен ЕС

Ежелден ерекше құрметке ие елдік есті саяси жүйенің жүз жыл­дықтары тіпті есеңгіретіп тастады. Кім болғанымызды, қандай тарихи мәртебеде өмір кешкеніміз жа­йында мәліметтерге мән бермейміз. Бәріне құлдық сана кінәлі. Енді соны қалыпқа келтіруде E-mail поштаның пәрмені мықты. Ақпарат алмасып, араласу керек. Әсел Лахаеваның жоғарыда айтылған «Тараз» баспаханасы осы күнге дейін 5-6 кітап шығарған. Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих, этнография және археология факультеті профессорларының 3 кітабын жарыққа шығармақ. Ол кітаптар түрік тіліне аударылады. Таныстыруын Түркияда жасаймыз дейді. EXPО - 2017 халықаралық көрмесінің ашылуы қарсаңында туған Тараз туралы, «Тараз ежелгі ескерткіштері» атты иллюстра­ция­лы әдемі альбом-кітапты басып, тұ­саукесерін Астанадағы Ұлттық музейде өткізген екен. Кітап төрт тілге аударылған. Сапалы аударма мә­селесіне келсек, Стамбул қала­сын­да қазақ диаспорасы бар, сол диаспора өкілдерінің күшімен шы­ғып тұрған халықаралық «Қазақ елі» журналы түрік және қазақ ті­лін­де жарық көреді. Сол журналдың ре­дак­торы Нұргүл Бекболова ха­ны­м­ның бақылауымен тәржіме жұ­мыс­тары да тамаша жолға қойылған.

 

Иә, сары далаға сағынышы ба­сым, сарғайған парақтарды цифрлы технология арқылы таратудың жо­лы қалай деген сұрақ тұр. Әсел мен Өмер «белгіленген заңға бай­ла­нысты басылғанына жетпіс жыл бол­маған кітаптарды рұқсатсыз пай­далана алмаймыз, өйткені олардың авторлық құқығы бар. Жаңа кітаптарды ақы иесінің ых­тиятымен немесе баспаның сұ­ра­нысымен жүзеге асырамыз» дейді.

 

Олар 2015 жылдан түркология тақырыбына байланысты ескі кі­тап­тарды цифрландырумен айна­лысып келеді. Кітап жинақтап, оны жүйеге түсіру ісіне «Отырар кітап­ханасы» деп ат қойыпты. Бұл да тегін емес. XII ғасырдағы қыпшақ­тың Отырар кітапханасы - Алек­сандриядан кейінгі екінші құтхана. Осыдан-ақ оғыз жұртына Оты­рар­дың рухани байлығы беймәлім болмағанын байқаймыз. Бүгінге дейін 50 мыңға жуық кітап компью­тердегі кеңістікке жайғасқан екен. Негізінен, отағасы о бастан коллек­ция жинауда тәжірибелі ғой. Ескі кітаптардың денін шет елдер мен түркі жұртындағы жекеленген жандардан аукцион арқылы алады. Алтайдың арғы бетіндегі Моңғолия, Қытайдағы қандастарымыздан осы уақытқа дейін отызға тарта құнды кітап түскен. Олар төте жазудан аударылса, кейбір келген тарихи жәдігерлер латын әрпімен ба­сыл­ған. Бәрін ұлттық мүддеге ұқып­ты пайдалануға тырысады. Мы­салы, қытай кітапханаларынан табылған «Алашорда» яғни, Алаш зиялы­ларының да жазбалары бар.

 

«Біздің бұл ісімізге бір құдіретті күш демеу берді, өйткені осы жылы 21 қарашадағы Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты рухани мақаласы үмітімізге үлкен демеу болды. Онда мұрағат ісіне байланысты «Архив - 2025» бағ­дарламасы біздің талпынысымызға сай келеді. Бізге Қазақстандағы Ұлттық кітапханадан бірлесе жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Әрине, біз мұны қуана-қуана қабыл алдық. Енді келер жылдың басында мемо­рандумға қол қоюға Астанаға бара­мыз», - дейді Әсел.


DIGITAL және ЖАДЫ

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі «Мә­дени мұра» бағдарламасы ая­сын­да біршама шаруа жасалды. Қа­зақ хандығының 550 жылдығы келешек ұрпақ санасына жадыны жаңғырту болатын. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы Мәңгілік Ел идея­сын игілікке айналдырудың бірден бір жолы. Биыл күзде барша Қазақ елі мен бізге тілеулес, туыс халық­тардың арасында үлкен талқылау мен қолдауға ие болған «Ұлы даланың жеті қыры» атты дүниесі елдің рухани болашағының бағдар-бағыты іспетті. «Темірді қызуында соқ» дегендей Өмер мен Әсел замандасымыздың бұл еңбегі ұлт­тың ұлықталуына қосқан қомақты үлесіне айналмақ. Олар үш жыл бойы түркі дүниесіне бай­ланысты қаншама құнды дүниені цифрлап үлгерген.

 

«Күніне қолымызда болса 20-30 кітапты цифрлы технология арқы­лы «сиқырлы» сандық ішіне орна­лас­тырамыз», - дейді Әсел.

 

Өмердің жұмыс бөлмесі небір жәдігерлерге толы, жеке папкаларда әртүрлі мәліметтер топтастырылса, қобдишаларда ежелгі монеталар мен Түрік билігі тұсындағы қағаз ақшалар, облигациялар, маркалар мен күнтізбелер сақталған. Соның бірі - Ататүріктің кезінде айна­лым­ға кіріп, өзі өмірден өткен кезеңдегі бес лиралық түрік купюрасы болды. Оның тура ортасына бөрі бейнесін салыпты, кейін Түрік басшысы дүниеден өткен соң белгісіз се­бептерге байланысты алынған екен. Осыдан-ақ бөріні еміп, оны то­темдік сенімге айналдырған түркі­шілдік идеясын көреміз.

 

Бірінші Дүниежүзілік соғыстан айтарлықтай шығынға ұшырап жатса да, Түрік басшысы Мұстафа Кемал Ататүрік өздерінен шыққан білімді азаматтарды Орталық Азия­ға жіберген, онда сол аймақтардың топонимикалық-географиялық қарталары мен мекендердің аты-жөндері жазылған жазбалары бар. Ол кезде сол маңайды түгел Түр­кістан аймағы дейді екен. Ататү­ріктің өз кітапханасынан алынған «Қазақ, өзбек, татар жерлері» атты кітапты көрсетті. Аукционнан алын­ған кітаптар ішінде Ресей құ­рамында құрып кетуге айналған туыстарымыз тыва, саха, шор сияқ­ты халықтар туралы жекеленген жандар арнайы тапсырған деректер де бар. Оның ішінде ұмытылуға айналған Якут грамматикасы, Тыва елінің фольк­лоры жатыр. Ресейдің отарлау са­я­саты көптеген мәлі­мет­терді түпнұс­қасынан айырып шұ­барлама тілмен түрлендіріп жі­бер­генге ұқсайды. Шырмалған түркілік шежіремізге үңіле түссек, ықылым замандардағы XIII ғасырға тиесілі түркілердің тірлігі турасында ша­ғатай тіліндегі жазбалар да кез­деседі. Кітапқұ­мар­лар коллек­цио­нер­лер­ден келген шет ел саяхат­шы­лары­ның жазбалары тіпті құнды. XII ға­сырдағы француз саяхатшы­сының Орталық Азияны аралағаны, сол кезеңдегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қарын­дашпен салған су­ретін көрсетті. Сондай-ақ жоға­ры­да айтып, ар­найы танымдық көрме ұйым­дас­тыруға себеп болған Ос­манлы мұрағат­тарынан шыққан шынайы деректері тұр. Онда екі ел­­­­­дің сұл­тан­дары мен хандары ал­ма­ғайып за­манда ақпарат алмасып, хат алысып, бір-біріне сый-сыяпат жа­сап тұр­ғанға ұқсайды. Осы де­рек­тер­дің барлығын сайттан таба аласыз.

 

Сайтта кітаптың алынған жері не­месе тапсырған адамның аты-жө­ні аталады. Мәліметтер үш тілде қа­­ла­ған жанның қызметіне дайын. Өмер Айқұрт пен Әсел Лахаеваның жұ­­мыстары жанға жылу, болашаққа сенім ұялатады. Қаңтар айында екі елдің мәдени байланыстары жа­йын­да меморандумға қол қойылып, ша­рапатты шарттар күшіне енсе, ба­ба­лар аңсаған мыңжылдықтың ама­наты Алаш еліне мұқабасыз жетпек.

 

@ - АЙҚҰЛАҚ

Сөйтіп, екі жастың көңілі жар­қын келешекті аңсаған екі туысқан елдің арасына алтын көпір орнат­пақ. Бір қызығы, Өмер туған - Сам­сун қаласы да, Әселдің төркіні - Тараз шаһарының да 2000 жылдық тарихы бар. Бірі Қаратеңіз жаға­сын­дағы небір жаһандық жағдай­ларға араласса, бірі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Қысқасы тарихи құрдас мекендер сүйек жаңғыртқан құда десек те болады. Екеуінің ортасында Тұран атты тұрымтайдай ұл бар. Кіш­кен­тайынан әке-шешесінің қолында небір шарапатты шараларға қа­тысып, шираған жеті айлық Тұран үйге келгендерді жатырқамайды. Ықылымнан бері ырымшыл ха­лық­пыз ғой. Баланың атын да азан ша­қырып, екі елге ортақ етіп, Тұран деп қойған соң ата жолынан аттап кете алмапты. Әсел баланың кін­дігін ырымдап үш жерге көмді дейді. Бірі Орхон мен Енесай өзен­дері жа­ға­сында жаһан жұртына түр­кілік рух­ты паш еткен Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерт­кіш­терінің топы­рағы болса, бірі Тұран ойпаты тө­рін­де орналасқан Түркіс­тандағы Қожа Ахмет Яссауи ке­сенесі маңы­на, үшінші бөлігін Түріктің туын Азия мен Еуропаның ортасына қадап, рухын көтерген Ататүріктің қабір-бағына жасы­рған екен. Ырым­ға тағы тар­тыл­сақ, келер жылы тәңір жарылқаса, Тұранның тұ­саукесері болмақ, оның өзі бала­ның наға­шы­сы, исі түркі бауыр­ла­рымыздың дәйегі мен дерегіне де­меу болған Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымы­ның басшысы Дүйсен Қасейін­ұлы­ның қолымен атқарылмақ. Яғни, түркілік санаға сәуле құяр сайт пен тәй-тәй басқан Тұран жиеніміздің тұсаукесері тұспа-тұс келеді.

 

Еуразия құрлығында екі жүз миллоннан аса түркілік туыста­ры­мыз бар екен. Жаһандану дәуірінде туын берік ұстаған ұлттар салтанат құрары сөзсіз. Бірі төрт айдынның жағасында айлы-жұлдызды қыр­мызы байрақты биікке көтерсе, оның солтүстік шығысындағы Қап тауы мен Хазар теңізінің ар жағынан күнге самғаған қыранды көк туы­мызбен біз де белсенділік таны­та­рымыз анық!

 

Авторы: Ләззат Қожахметова

16.01.2019 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz

 



427

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler