қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
30.11.2018

Елбасының білім саласына қамқорлығы

 


 

«Президент Назарбаев - кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстанның лидері - белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі мол болады», - депті тәуелсіздіктен бұрын-ақ ХХ ғасырдың ұлы реформаторлардың бірі Ли Куан Ю. Осы пікірді оқи отырып оның соншалықты кісі тани білетін данышпандығына, көрегендігіне таңқалмау мүмкін емес.

 

Сол айтқандай, кеңестік жүйеден шыңдалып шыққан Нұрсұлтан Назарбаев - Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалап, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, экономиканы қарқынды дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел Көшбасшыға айналды. Ол - бабаларымыздан келе жатқан ұлы арман - Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы қиын белестерден халқын аман алып өтіп, тарих төрінен өз орнын алды.

 

Тәуелсіздік жарияланған тұста мемлекетіміз құлдырау шегінде тұрғаны белгілі. Сондықтан елдің өз алдына түтін түтетіп, аяғынан тұрып кететініне сенімсіздік білдір­гендердің саны көп еді. Н.Назарбаевтың сарабдал саяса­тының, қажырлы еңбегінің арқасында сол күмән-күдіктің бәрін жеңіп, бүгінде болашағы жарқын мемле­кеттердің біріне айналдық. Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танылдық. Әлемнің ең алып мемлекеттері бізбен санасатын болды. Бар-жоғы ширек ғасырда Қазақстан тыныштық пен тұрақтылық берік орнаған жерұйық мекенге айналды.

 

Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінен жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды қысқартып, оған кететін қаражатты ауру-сырқауларды емдетуге беру туралы ұсыныс айтып, зор қошемет пен үлкен қолдауға ие болғаны да есімізде. Осыдан екі жыл бұрын ғана осы беделді ұйымның төрінен әлем халықтарын бейбітшілікке шақырған үндеуі де бүкіл әлемді өзіне қаратты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның өз еркімен ядролық қарулардан бас тартуы да Елбасының көреген саясатының жемісі еді. Бұл Нұрсұлтан Әбіш­ұлының жалпы адамзат қауымына деген адами ықыласын, мейірімділігі мен жанашырлығын танытатын қасиеттерінің бірі ғана. Бүгінде Астананың тұрақтылық пен бейбітшілік алаңына айналып отыруы да Президентіміздің абырой-беделінің арқасы.

 

Тәуелсіздік жылдарында арқа төсінен жаңа Елор­дамыз - Астананы салғызып, әлем халқын таңдандырған Елбасы 2017 жылы халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізіп, тағы да әлем жұртшылығын мойындатты. Бүгінде жер-жаһан Назарбаев десе Қазақстанды, Қазақ­стан десе Назарбаевты еске алатыны оның осы заманғы аса көрнекті реформатор және көшбасшылық тұлғасын айқындай түседі. АҚШ конгресмені Крис Кэннон былай деген еді: «Мен жас Қазақстанның дамуын үлкен ықылас қоя қадағалап жүрмін, 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағы­нан тәуелсіздік алған сәтінен бастап, бұл ел таңғаларлық саяси және экономикалық жаңғыруларды басынан кешірді. Қазақстан қарыштап алға басып келеді, әрі дұрыс бағытта келе жатыр. Қазақстан қалыптасты, бұған оның басшысы Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі үлкен. Мен Қазақстан табыстарының сәулетшісі Президент Н.Назар­баевтың саяси көрегендігін жоғары бағалаймын, ол айтылып жатқан сындарға қарамастан, елін қуатты экономикалық мемлекеттердің қатарына қосып, бұрын­ғыдан да ауқымды саяси реформалар жасауға кірісті». Біздің Елбасымыздың бүкіл еңбегі осы бірнеше жолда тамаша көрініс тапқан сияқты. Бұл біз үшін зор мақтаныш.

 

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы экономикамен бірге білім және ғылым саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгінгі таңда еліміздің білім жүйесі жаңа заманға лайық әрі халықаралық стандартқа сәйкес дамып, жетіліп келеді және оның отандық үлгісі қалыптасуда десек, мұнда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың инновациялық ой-тұжырымдары мен тікелей қамқорлығының маңызы зор болғанын атап өтуіміз қажет.

 

«ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт». ҚР Президентінің осы тапсырмасын ұстанған еліміздің білім саясаты әлемдік аренадан өз орнын нақтылауда. Себебі, білімді де білікті маман-кадрлар экономиканы қарқынды дамытуда маңызды ресурс болып табылады. Қазіргі кезде адам ресурсы жоғары дамыған мемлекеттердің инновациялық дамуы соған негізделген. Сол себепті, әлемдік білім кеңістігі парадигмасында, соның ішінде жоғары және одан кейінгі білім беру жүйесінде идеялардың бәсекелестігі барған сайын күшейе түскені анық.

 

Тәуелсіздік жылдарындағы отандық білім беруде жинақталған тәжірибені талдап, саралап қарасақ, еліміздің білім беру жүйесі әлемдік стандартқа біршама жақындап қалғанына нақты деректер көз жеткізеді. Осы үдерістің бүгінгі күнге дейінгі нәтижелі атқарылып келуіне, әлбетте, ҚР Президентінің әр жылдардағы еңбектеріндегі, әсіресе оның Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауларындағы еліміздің білім жүйесінің сапасын арттыруға, еліміздің стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған түбегейлі қайта өзгертулердің қажеттілігін туындататын инновациялық ой-пікірлері мен мемлекеттік стратегиялық бағдар­ламалары негізгі ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік бағыт-бағдар болып, еліміздің білім беру саясаты мен оның жүйесін қалыптастыруға мол мүмкіншілік бергенін байқау қиын емес.

 

Қазақстандық білім жүйесін әлемдік стандарт деңгейіне сәйкестендіріп қалыптастыратын және оның одан әрі дамуына ықпал жасайтын еліміздің көшбасшы оқу орындарын анықтау да іске асырылды. Мәселен, еліміздің көптеген оқу орындары университет мәртебесін алды. Президент тағайындайтын және мемлекеттің тікелей белсенді ықпалында болатын елдің таңдаулы жоғары оқу орындары айқындалды. Олардың ішіндегі еліміздің білім беру жүйесінде ерекше орны мен рөлі бар, білім берудің мемле­кеттік стандарттары мен негізгі бағдарламаларын және маман дайындау ісінің білім беру пәндерінің оқулық, оқу-әдістемелік құралдарын дайын­дайтын және оларды білім беру үрдісінде пайдаланып, тәжірибеден өткізетін педагогика, медицина, техника, ауылшаруашылық, музыка бағытындағы жоғары оқу орындарының ең ірілері мен іргелілері әрі білім мен ғылымның негізгі ор­та­лығы болып саналатындары Қазақстан Респуб­ликасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей Жарлығымен «Ұлттық» мәртебеге ие болды және олардың ректорларын ендігі уақытта Елбасының өзі тағайындайтын болды.

 

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, еліміздің талантты жастарын шетелдік озық университеттерде оқытуға мүм­кіндік алдық. Арадан өткен осы 25 жылда бұл бағдарлама бойынша 10 мыңнан астам қазақстан­дық жастар әлемдік деңгейде білім алып, бүгінде экономикамыздың барлық салаларында табысты еңбек етуде. Сондай-ақ, Елбасымыздың бастама­сы­мен Астанада шетелдік беделді оқу орын­дарымен бәсекелесе алатын «Назарбаев Университеті» ашылды және елімізде «Назарбаев зияткерлік мектептері» жүйесі құрылды, жүздеген жаңа мектептер мен балабақшалар салынды.

 

Елбасының инновациялық ой-пікірлері мен қағида-ұстанымдары басшылыққа алынып, еліміздің білім беру жүйесін жаңаша құрып, жаңа бағытта дамытып, жетілдіруде жасалған алғашқы қадамдар, өзгерістер мен жаңалықтар, білім беруге қатысты реформалар, жаңа технология­ларды енгізудің нәтижелері бүгін өз жемісін беруде. Сөйтіп, осы инновациялар қазақстандық қауымның тәуелсіз даму кезеңінің тарихи шындығына айналуда. Сондықтан да қазіргі Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ену үдерісін зерделеуде білім жүйесіне енгізілген заманауи өзгерістер мен жаңаша бетбұрыстардың маңыздылығын ескермеуге болмайды. Олар Қазақстанның жаңа заманға барынша бейімделіп, өз саясаты мен өз экономикасын түзеп, сөз бостандығы мен ой еркіндігіне негізделген демократияны жетілдіріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда жасалған маңызды қадам, іргелі іс-шаралардың бірі болып қала беретіні даусыз.

 

Елбасының тікелей бастамасымен және нұсқауымен елімізде «Білім туралы», «Ғылым туралы» Заңдар, білім беруді дамытудың кезең-кезеңдерге арналған мемлекеттік бағдарламалары өмірге келді. Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында бұл салаға арнайы тоқталып, білім мен ғылымның көкжиегін кеңейтуге бастамашы болып келеді. 2018 жылғы қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында: «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз - білім беруді эконо­микалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру»,- десе, 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында білім саласына қайта айналып тоқталды. Ол халықтың тұрмыс сапасын арттыруда білім берудің, денсаулық сақтау саласының маңызды рөл атқаратынын айта келіп, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту, орта білім беру жүйесінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін бірыңғай стандарт ретінде алу, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейту туралы жаңа міндеттер қойды. Әрине, мұның бәрі Елбасының еліміздің білім саласындағы тұрақты жүргізіп отырған сарабдал саясатының нақты көрінісі болып табылады. Сонымен бірге, Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» да білім алушыларға қосымша 20 мың грант бөлу, студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету туралы мәселе көтеріп, өзінің білім саласына деген жанашырлығын тағы да іспен дәлелдеді.

 

Мен өзім жуырда ғана Мемлекет басшысының қабылдауында болып, ол кісінің осындай қам­қорлығын шын жүрегіммен сезінгендей болдым.

 

Кездесуде Мемлекет басшысына оқу орнының қызметі және «Қазақстандықтардың әл-ауқаты­ның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауды іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп бердім. Президентіміз еліміздегі жоғары білім беру жүйесін қалыптастыру және дамыту үдерісіндегі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің рөлін ерекше атап өтті. «Бұл университет - Қазақстанның алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің негізі осы оқу ордасынан бастау алады деуге болады. Сіз және бүкіл оқытушы-профессорлар құрамы отандық білім беру ісіне алдағы уақытта да үлес қосатын­дарыңызға сенемін», - деді Елбасы. Сондай-ақ, ол: «Мен сіздердің 90 жылдық мерейтойла­рыңызға өзім келейін деп едім, бірақ мүмкіндігім болмады. Сондықтан арнайы Құттықтау хатымды беріп, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіха­лықова­ны жібердім. Менің бұл университетке көзқарасым ерекше. Мен сізді университеттің 90 жылдығына байланысты бүкіл ұжым атынан қабылдап отырмын. Ұжымыңызға менің құттық­тауымды жеткізуді тапсырамын», - деді.

 

Жарты сағатқа созылған бұл кездесуде көптеген маңызды мәселелер көтерілді. Прези­дент, біріншіден, университеттің 90 жылдық мерейтойын қалай өткізгенімізді, екіншіден, қазан айындағы Жолдауды орындау үшін қандай жұмыстар атқарып жатқанымызды, үшіншіден, Педагог мәртебесі туралы қабылданатын заңға байланысты атқарылатын жұмыстарды, төртін­шіден, университеттің бәсекеге қабілеттігін арт­тыру үшін не істеу керегін сұрады. Мен Елбасына университеттің 90 жылдық мерейтойына байла­нысты атқарылған іс-шараларды, оның ішінде Еуразиялық педагогикалық жоғары оқу орын­дары қауымдастығының форумын, математи­калық моделдеу жөніндегі халықаралық конфе­ренциясын өткізгенімізді, Франциядағы жоғары оқу орындары басшыларымен әріптестік туралы бірнеше келісім-шарттарға қол қойғанымызды, Түлектер форумын және Салтанатты мәжіліс өткізгенімізді және бұл іс-шараларға шет елдерден 200-ге жуық ғалымдар, 70-ке тарта жоғары оқу орындарының басшылары қатысқанын атап өттім. Сонымен бірге, Елбасының қазан айындағы Жолдауына байланысты алдағы жылдары қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын жасап, Білім және ғылым министрлігіне тапсырғанымызды, жалпы, Жолдау бойынша тиісті іс-шаралар жоспарын бекітіп, сол бойынша жұмыс істеп жатқанымызды жеткіздім. Елбасы­ның бәсекелестікке қабілетті университеттер қатары көбейіп тұрған қазіргі таңда оларды қалай басып озасыңдар деген сұрағы да көңілге терең ой салды. Осыған байланысты мен университеттің стратегиялық жоспары бойынша 2025 жылға қарай Еуразиялық одаққа мүше елдердің 45 жоғары педагогикалық оқу орындары арасында көшбасшылыққа талпынып отырғанымызды, QS World Unіversіty Rankіngs әлемдік рейтингінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша 481 орынды иеленіп отырсақ, 2025 жылға қарай 450-орынға тұрақтауды мақсат ететінімізді айттым.

 

Мемлекет басшысы әлемдік үздік универ­ситет­термен байланысымыз, Сорбонна-Қазақ­стан институтының жайы туралы сұрады. Мен бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ жаһанның 27 мемлекетінің 150-ден астам беделді университе­терімен байланыс жасап отырғанын, халықаралық қатынастар саласындағы әріптестіктің аясы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Франция Президенті Франсуа Олландтың қолдауымен Абай университеті базасында ашылған Сорбонна-Қазақстан инс­титутын бүгінге дейін 77 магистрант бітіріп, олар Франция мен Қазақстанның екі бірдей дипломын алып шыққанын, бүгінде бұл оқу орнының әлеуеті артып келе жатқанын, онда жұмыс істейтін оқытушылардың көпшілігі Париж Сорбоннасы университетінің профессорлары екенін Елба­сының қаперіне салдым.

 

Өз кезегінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында оқыту және ағарту қызметі мен студент жастардың жағдайын жақсарту мәселелеріне баса мән берілгенін айтты. «Педагог мәртебесін арттыру - маңызды міндеттердің бірі. Осы міндетті жүзеге асыру барысында универ­ситеттеріңіз алдыңғы шепте болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты пысықтау қажет», - деді Мемлекет басшысы.

 

Сонымен қатар, Президент университеттің қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогресс талаптарына сай болуы керек екенін қадап айтты. «Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен ынтымақтасып, байланыс орнатқан жөн. Тәжі­рибе алмасып, бірлесе жұмыс істеу қажет. Сон­дай-ақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагоги­калық университетінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңызы зор. Сіз басқаратын университет педагогикалық білім беретін басты оқу орны болуға тиіс», - деген Н.Ә.Назарбаев психолог мамандарын көптеп дайындауды, мұғалім дайындаудың сапасын арттыруды, оқу бағдарламасын жаңартуды, педагогикалық ғылымды дамытуды, келесі жылы өткізілетін «Жастар жылына» байланысты жастар саясатын жан-жақты жүргізуді тапсырды. Соны­мен бірге, университет түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесімен тиянақты айналысуды, латын графикасын енгізуге байланысты оқу-әдістемелік құралдар даярлауды жеделдетуді ұсынды. Осы кездесуде Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің бес әлеуметтік бастамасына байланысты студенттер жатақханасын салудың жайын сұрады. «Биыл жер телімін алып дайындалып отырмыз, студенттер жатақханасының құрылысын келер жылы бастаймыз» деп едім, ол кісі ризашылығын білдірді. Тіпті, «Сіздерге қандай көмек керек?» деп әкелік қамқорлығын да білдіріп жатты. Ал университет ұжымына алғыс айтып, қайта-қайта сәлем жолдауының өзі Елбасының қарапайым­дылығы мен зор адамгершілігінің белгісі еді. Бұл кездесуден мен рухани байып, қанаттанып қайт­тым, университет ұжымына Елбасы сәлемі мен тапсырмаларын жеткіздім.

 

Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғаным, Мемлекет басшысының отандық білім мен ғылымды дамытуға деген қамқорлығын, адамгершілік асыл қасиеттерін паш ету болатын... Ілгері замандарда жол жүріп, шаршап-шалдығып келе жатқан жолаушылар кездескен ауылдың бір адамынан: «Мынау кімнің ауылы?», - деп сұрайды екен. «Бұл пәленше байдың ауылы», - дейді ол. Сонан соң жолаушылар ауылдың сиқы­на қарап алып әрі жүріп кетеді. Келесі ауылға жеткенде тағы да осылай сұрайды. «Е, бұл ауылға түсуге болады, басшысы жақсы екен»,- деп жо­лау­шылар ат басын сол ауылға бұратын көрінеді. Өйткені, бұл ауылдың тазалығы, ұқыптылығы, ауласындағы тыныс-тіршілігіне қарап-ақ сырт көз ауыл басшысының мықты адам екенін біле қояды екен. Сол айтқандай, бүгінде біздің Қазақстанды көрген кез-келген қонақ ел басшысының нағыз ел жанашыры екенін түсіне қояды. Олай болса, бүгінгі Қазақстанның келбеті қаншалықты жедел өзгеріп, әлемдік өркениетке жақындап келе жат­са, мұның бәрі Президент Н.Назарбаевтың еңбе­гінің жемісі екенін кез-келген адам түсінері хақ.

 

Авторы: Такир Балыкбаев,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор

30.11.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz

 



50

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler