қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / Жаңалықтар
16.10.2018

Депутаттар Елбасының Жолдауын талқылады

 

  

 

2018 жылдың 15 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Төлеубек Мұқашев, Динар Нөкетаева және Мәжіліс депутаты Дулат Құсдәулетов оқу орнының профессор-оқытушылар құрамымен, ғалымдармен және шәкірттермен кездесу өткізіп, Мемлекет басшысының Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауын талқылады.

 

Кездесуге арналған жиынды ашқан университет ректоры, профессор Такир Балықбаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы халықтың әлеуметтік және тұрмыстық жағдайына деген Елбасының қамқорлығына толы екенін атап көрсетті. Оның ішінде халықтың тұрмыс сапасының бір тетігі - өмір сүру деңгейінің артуы дейтін болсақ, мұнда білім берудің, денсаулық сақтау саласының маңызы зор. Тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір азаматтың отбасына қатысты. Оның ішінде білім, ғылым саласының орны ерекше. Елбасының білімге баса мән беріп отыруы сондықтан. Сондай-ақ, Такир Балықбаев Жолдаудан туындайтын міндеттерге байланысты университетте атқарылып жатқан игілікті істерге, оқу орнының алдағы даму болашағына кеңінен тоқталды.

 

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нөкетаева 90 жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы ретіндегі рөліне тоқтала келіп, Мемлекет басшысының Жолдауы туралы ой өрбітті. Президентіміз 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігін, қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету  сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керектігін айтып отыр. Бұл үлкен жетістік. Ел бойынша жалпы ішкі өнімнің 10 пайызы осы салаларға жұмсалатын болса, қыруар жұмыс атқарылатыны сөзсіз.

 

Елбасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту міндетін қойып отыр. Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасатынын еске салған Елбасы білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істеуге басты назар аударылатынын ескертіп, бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің жүйесін қайта қарауды ұсынды.

 

Мемлекет басшысы орта білім беру жүйесінде атқарылатын ең маңызды жұмыстар туралы айта келіп, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс екенін, орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды екенін атап көрсетті. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты жаңа міндеттер белгілеп берді. Жолдауда мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданатыны, олардың әлеуметтік және тұрғын үй жағдайына байланысты мәселелер көтерілді. Мұның бәрі Мемлекет басшысының білім саласына деген қамқорлығының айқын көрінісі, деді депутат Динар Нөкетаева.

 

ҚР Парламенті Сенатының депутаты  Төлеубек Мұқашев Елбасы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзара байланысына тоқталды. Рухани жаңғыру ұлттық кодты сақтауды талап етеді. Ол ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығы, ұлттық ерекшелігі. Көп нәрсе адамдардың санасына байланысты. Сондықтан ұлттық сананы жаңғыру үшін жастармен жүргізілетін тәрбие жұмысын күшейтуіміз керек. Әсіресе, еңбек тәрбиесіне ерекеше көңіл бөлінгені абзал. Өйткені бүгінде жастар жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан мектептегі еңбек пәнін барынша дамытуымыз қажет.  2019 жыл Жастар жылы болып жарияланып отырғандықтан, олардың  тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінгені абзал.

 

Президент Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын» деген еді. Ректор Такир Балықбаев университет ғалымдары мұғалім мәртебесін көтеру туралы көп жылдан бері ғылыми тұжырымдамалар дайындап, бірқатар іс-шараларды жүзеге асырғанын және заң ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Төлеубекова мұғалім мәртебесі туралы заңның жобасын да дайындап қойғанын айтты. Ал профессор Бақытжан Төлеубекова болашақ заңның құқықтық негіздеріне тоқталды.

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  Дулат Құсдәулетов Жолдаудағы өзекті мәселелер туралы өз ойларын ортаға салды. Университет студенттері атынан сөз алған Жастар комитетінің жетекшісі  Дидарбек Ділдәрбек және  Аружан Муталханова студент-жастардың Жолдауды бірауыздан қолдайтынын мәлімдеді.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім



678

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler