қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
10.10.2018

Абай атындағы ҚазҰПУ-де Ректорлары кеңесінің мәжілісі өтті

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында «Жоғары білім сапасы- бәсекеге қабілеттілік негізі» тақырыбы бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындарының Ректорлар кеңесінің мәжілісі өтті.

 

Мәжіліс ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өткізілді.

 

Іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Еуразиялық университеттер қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының Ректорлар кеңесінің төрағасы, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Алматы аймағы ЖОО Ректорлар кеңесінің төрағасы, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев, ҚР Ректорлар кеңесінің мүшелері, Қазақстанның және Алматы қаласының ЖОО ректорлары, жақын және алыс шетел университеттерінің ректорлары қатысты.

 

Ректорлар кеңесінің мәжілісі Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90-жылдық мерейтойы аясында өткізіліп отырғандықтан, ҚР ЖОО Ректорлары кеңесінің төрағасы университеттің ректоры Такир Балықбаевты және ұжымын университеттің мерейтойымен құттықтады.

 

- Университеттің қалыптасу және даму жолында ҚазҰПУ барлық қызмет түрінде үлкен жетістіктерге жетті, ол Қазақстанның қоғамдық өмірінің интеллектуалды, рухани, білім, ғылыми және мәдени орталығы болып табылады, бұл университеттің бүкіл ұжымының зор үлесі деп білеміз, - деді Қазақстанның ЖОО Ректорлары кеңесінің төрағасы.

 

Ерлан Сыдықов өз сөзінде барлық мамандықтар бойынша оқу үрдісіне енгізілетін пәнаралық дайындыққа, сондай-ақ, студенттердің өз білімін екі бағыт: пәндерді тереңдетіп және қосымша дамыту бойынша қалыптастыруға құқығы бар екендігіне ерекше тоқталды.

 

Мәжіліс барысында жоғары білім сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталған тақырыптар М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры,профессор Дария Қожамжарованың, Слупск қаласындағы Помор академиясының ректоры Збигнев Осадовскийдің (Польша), INALCO президенті Манюэля Франктің (Франция), Педагогикалық университеттің құрметті ректоры Ханс Шахлдің (Австрия) баяндамаларында жалғасын тапты.

 

Ректорлар кеңесінің мәжілісінде Қазақстандағы жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін сақтау мен арттыру және ТМД елдеріндегі үздіксіз жоғары білім берудің ұлттық моделін жетілдіру мәселелері талқыланды.

 

Іс-шара аяқталғаннан кейін ректорлар мен шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері ректор Такир Балықбаев пен ҚазҰПУ ұжымын мерейтойымен құттықтап, құнды сыйлықтарын табыс етті. Мәжіліс Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 90 жылдығына орай мерейтойлық марапаттарды табыстау салтанатты рәсімімен аяқталды.

 

 

Авторы: Римма Жанбаева

10.10.2018 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz

 



103

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler