қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
21.09.2018

«Бакалавриат түлектерінің 88,7%-ы жұмысқа орналасты»

 

19 қыркүйекте Алматы қаласындағы Ғалымдар үйінің мәжіліс залында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев қала жұртшылығының алдында есеп берді. Жиынға қаладағы жоғары оқу орындары мен білім мекемелерінің басшылары, шетел елшіліктерінің қызметкерлері, білім беру саласының ардагерлері, мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері мен қала жұртшылығы қатысты.

 

«Бұл кездесу еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны, қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр», - деп сөз бастаған Такир Оспанұлы жақында университеттің мерейтойлық іс-шаралары басталатынын, атап айтқанда, алдағы 4-5 қазанда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения елдерінің 44 педагогикалық жоғары оқу орындары мүше болып отырған Педагогикалық университеттер Еуразиялық Ассоциациясының басшылары мен өкілдерінің қатысуымен халықаралық форум, университет түлектерімен кездесу, оқу орнының 90 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс өтетінін айтып, университет жұмысы туралы есебіне тоқталды.

 

Ректордың айтуынша, бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ әлемдегі үздік университеттер қатарында жыл сайын өз позициясын жақсартып келеді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша университет 481-орынды (2017 жылы - 491-орын), QS World University Ranking рейтингінде Еуропа мен Орталық Азияның 30 еліндегі 200 үздік университеттер арасында 86-орынды иеленсе, ал республиканың педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көшбасшы екен.


«2017/2018 оқу жылы универститеттің білім беру қызметін мамандандырылған жеті оқу институттары іске асырды. Олар Педагогика және психология; Математика, физика және информатика; Филология және көптілді білім беру; Өнер, мәдениет және спорт; Жаратылыстану және география; Тарих және құқық; «Сарбонна-Қазақстан» институттары. Шетелдік азаматтарға арналған және жоғарғы оқу орнына дейінгі дайындық факультеті бар. Университетте маман дайындау бағыттары бойынша 36 кафедра, сонымен қатар, 4 жалпы университтеттік кафедра (әскери кафедра, дене шынықтыру және спорт кафедрасы, педагогика кафедрасы, саясаттану және әлеуметтік философиялық пәндер кафедрасы) жұмыс істейді. 2017 жылы Ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар Ғылыми инновациялық паркі (ҒИП) болып қайта құрылды. Оның құрамына тәуелсіз құрылымдық бөлімшелерден тұратын 8 ғылыми орталық кіреді», - деп атап өтті Такир Оспанұлы.


Ректордың есебіне сенсек, университетте 8 диссертациялық кеңес, Жас ғалымдар кеңесі, ЮНЕСКО педагогикасы кафедрасы, Ғылыми кітапхана және «Ұлағат» баспасы жұмыс істейді.
2017/2018 оқу жылында университеттің жалпы контингенті 6 942 білім алушыны құрады, оның ішінде:
- бакалавриатта - 5 594 адам немесе жалпы контингенттің 81%-ы, оның ішінде күндізгі бөлімде - 4 980 адам, оның 2 068-і мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқығандар, ақылы негізде - 2 912 адам; сыртай бөлімде - 614 адам, оның ішінде грант бойынша - 59, ақылы негізде - 555 адам;
- магистратурада - 1 136 адам (16%), оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша - 1 002, ақылы негізде - 134 адам;
- докторантурада - 212 адам (3%), оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша - 189, ақылы негізде - 23 адам білім алды.
«Ағылшын тілінде жаратылыстану бағытындағы педагогикалық мамандықтар бойынша білім алушы студенттер контингенті 1 курста - 64, оның ішінде «Физика» мамандығы бойынша - 20, «Химия» мамандығы бойынша - 10, «Биология» мамандығы бойынша - 34, 3 курста - 20, оның ішінде «Физика» мамандығы бойынша - 1, «Информатика» мамандығы бойынша - 2, «Химия» мамандығы бойынша - 7, «Биология» мамандығы бойынша - 10 адам болды. Соңғы үш оқу жылындағы білім алушылардың санына жасалған талдау білім алушылар деңгейінің өскенін көрсетеді: 2015/2016 оқу жылы - 6 388 адам, 2016/2017 оқу жылы - 6 676 адам, 2017/2018 оқу жылы - 6 942 адам оқыды», - деген Такир Оспанұлы университет көрсеткіштеріне де тоқталды.
Рас, соңғы үш жылда бірінші курсқа қабылданушылардың саны да артып келеді. Айталық, 2015/2016 оқу жылы - 2 051 адам, 2016/2017 оқу жылы - 2 314 адам, 2017/2018 оқу жылы - 2 589 адам оқуға түскен екен. Ал, 2018 жылы оқу орнын 1 934 маман бітірсе, оның ішінде 1 267 бакалавр, 629 магистр, 38 PhD докторлары бар, 198 түлек үздік диплом алды. Барлығы соңғы үш жылда 4 225 маман дайындалды, оның ішінде 3 953 ғылым бакалаврлары, 1 771 ғылым магистрлері және 101 PhD докторлары бар.


«Заманауи ЖОО қызметінің басты аспектісі оқытушылар құрамының жоғары деңгейін қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті қалыптастыру болып табылады. 2017/2018 оқу жылында оқу-әдістемелік үрдісті 790 оқытушы қамтамасыз етті, олардың ішінде 744 штаттағылар, бұл 94,2 пайызды құрайды. ПОҚ жиынтығы штаттық кестеге, сандық және сапалық құрамы ҚР БжҒМ талаптарына сәйкес келеді. Ғылыми-білім беру қызметін 134 ғылым докторлары, професссорлар, 349 ғылым кандидаттары, доценттер, оның ішінде 40 РhD докторлары,137 ғылым магистрлері қамтамасыз етті. Бізде 14 ҚР ҰҒА толық мүшелері мен мүше-корреспонденттері және 46 басқа да қоғамдық ғылым академияларының мүшелері, 17 шығармашылық одақтың мүшелері, 5 еңбек сіңірген жаттықтырушылар, 9 спорт шеберлері қызмет жасайды, 110 оқытушы ағылшын тілінде сабақ береді», - деді Такир Оспанұлы.


Өз есебінде ректор 2017/2018 оқу жылында рейтингтік бағалау қорытындысы бойынша жоғары көрсеткіштері үшін 84 оқытушы мен 4 ғылыми қызметкерлердің жалақысына қосыша үстемеақылар қосылғанын да тілге тиек етті.


«Университеттің басты міндеті - жаңа қоғамның бәсекеге қабілетті, озық ойлы, өзіне және қоғамға шығармашылық-жасампаздық қатынастағы сапалы педагогикалық мамандарды дайындау болып табылады. Университет ұжымы білім беру қызметінің нәтижесінде жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Атап айтқанда, Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасының аясында университетте көптілді білім беру іске асуда. 2017/2018 оқу жылында көптілді топтарда бакалавриаттың 6 мамандығы бойынша білім берілді. Көптілді топтардағы студенттердің жалпы саны 199 адам болды, оның ішінде 135 студент, 64 магистрант бар. 2017/2018 оқу жылында көптілді топтарда 72 маман даярланды», - деді Такир Оспанұлы.


Жас маманды үйрету, оны оқыту біршама уақытты қажет ететіндіктен, кез келген жұмыс беруші бос орынға дайын маманды алғанды жөн көреді. Ал теория мен практиканы ұштастырған, шәкірттеріне еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білім беретін елдегі санаулы жоғары оқу орнының бірі - Абай атындағы ҚазҰПУ. Бұл туралы Такир Балықбаев: «Еңбек нарығындағы түлектерге деген сұраныс және жұмыс берушілердің кәсіби құзыреттілік деңгейін қанағаттандыру дәрежесі университет қызметінің тиімділігін айқындайды. Абай атындағы ҚазҰПУ түлектерінің жұмыс берушілері Алматы және Алматы облыстарында ғана емес, республиканың барлық өңірлеріндегі білім беру мекемелері болып табылады. 2017 жылдың қыркүйегінде бакалавриат түлектерінің 88,7%-ы, магистранттардың 85%-ы, PhD докторларының 100%-ы жұмысқа орналастырылды. Түлектерді жұмыспен қамту мақсатында университет дәстүрлі түрде Бос жұмыс орны жәрмеңкесін өткізеді. Осылайша соңғы жылдары түлектерді жұмыспен қамту тұрақты көрсеткіштерге ие болып келеді», - деді Такир Оспанұлы.
Мемлекеттік тілде жасаған 30 минуттық баяндама-сында Такир Балықбаев университеттің кешегісі, бүгінгісі мен ертеңіне кеңінен тоқталды. Университеттің былтырғы жылы атқарған шаруасы көп екен, дегенмен алдағы уақытта атқарылар жоспар одан да көп болып шықты.


Баяндамаден кейін Такир Оспанұлына сұрақ қоюшылардың қатары аз болмады. Сұрақтардың дені ғылым, ғылыми зертханалардың мәртебесі, грант төңірегінде өрбіді. Ректор маңызды сұрақтарға толымды жауап берді.


Университет басшылығына алғыс білдіріп, білім ордасының 90 жылдығымен құттықтағандар да болды.


Сұрақ-жауаптан кейін Қазақстанның Еңбек Ері, ардақты ұстаз Аягүл Миразова, әскери ғылымдар докторы, профессор Ким Серікбаев, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков сынды зиялылар Такир Балықбаев есебінің маңыздылығын атап өтті.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаевтың есеп беру кездесуінен төрт жайды ерекше атап өтуге болады.
Біріншіден, баяндама бастан-аяқ мемлекеттік тілде жасалды. Оны кездесу барысында жиналғандарға ректор ескертті.
Екіншіден, есеп беру кездесуіне ректордың тыңғылықты дайындалғаны байқалды. Өйткені, қолындағы қағазға қараған да жоқ. Ал, алдындағы қағаздан бас көтермейтін басшылардың талайын көз көріп, құлақ естиді.
Үшіншіден, тосыннан қойылған әртүрлі сұрақтарға ректор нақты жауап берді, бұл жолы да іркілген жоқ. Демек, университеттің бар шаруасын бір кісідей біледі.
Төртіншіден, 90 жылдық тарихы бар университеттің бүгінгі көрсеткіштеріне көңіл толады.


Ақпарат көзі: 
"Qazaq"-ақпарат

20.09.2018 ж.

 

 



645

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler