қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
21.09.2018

Ректор Мәлік Ғабдуллин



 

Бай да байтақ тарихы 1918 жылы сонау Ташкенттен бастау алатын қазіргі Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1928 жылы қазақтың жаңа астанасы Алматыда қайта ту тіккеніне де, міне, биыл 90 жыл толып отыр. Жиыны бір ғасырлық мерзімді қамтитын оқу ордасының ғұмырында телегей тарих тұнып жатыр. 

 

«Көргені жақсы көш бастар» деп атам қазақ айтпақшы, білім ордасының осынау 90 жылдық тарихында бүгінге дейін 15 адам ректорлық (алғашқы кезде дирек­тор деп аталған - Б.С.) қыз­мет атқарыпты. Атап айтқанда, олар - Санжар Асфендияров, Бәй­мен Алманов, Шәміл Сақаев, Шай­хислам Бекжанов, Серғали Толы­беков (үш рет), Халел Әділ­гереев, Ахмеди Ысқақов, Асқар Закарин, Мәлік Ғабдуллин, Жүніс­бек Жұмабеков, Құлжабай Қа­сымов, Тоқмұхамед Садықов, Се­рік Пірәлиев және бүгінгі ректор Такир Балықбаев.

 

Міне, осы шоғыр арасында менің университеттегі қадірмен­ді ұстазым - Мәлік Ғабдулиннің жұл­­дызы да ерекше жарқырап көрі­­неді. Өйткені аса көрнек­ті ға­­лым-ұстаз ғұмырының табаны күректей он жылын өзі түлеп ұшқан ҚазПИ-дің ректоры қыз­метіне арнады. Ол республика Оқу министрлігінің 1953 жылғы 8 мау­сымдағы №446 бұйрығымен С.М.Киров атын­дағы ҚазМУ-ге рек­тор­лық­­қа тағайындалған Асқар Закарин­нің орнына Абай атын­дағы Қазақ педагогикалық институтына ректор болып келді. 

 

Бұл оның қырықтың қырқасы­на жақындап, өмірдің барлық май­данында әбден пісіп-жетілген, нағыз ысылған шағы болатын. Ол тұста оқу орны «Абай атын­дағы Қазақ педагогикалық және мұға­лім­дер институты» деп аталды. Содан Мәкең институтты 1963 жылдың 17 қаңтарына дейін абыроймен басқарды. 

 

Оқу орнын өркендетіп дамы­ту­­дағы келелі шаруаларды жүзе­ге асырумен бірге батыр-рек­тор­­­дың араласуы нәтижесін­де бір­­қатар зия­лы азаматтар қу­ғын­­­нан құтылып, ажалдан аман қал­ды. Олардың көбісі ақта­лып, өз қыз­меттеріне қайта орал­ды. Мәселен, өзінің досы, тарлан­боз тарихшы Ермұхан Бек­маханов, майталман әдебиетші Мұха­мет­жан Қаратаев, әйгілі тарихшы, институттың бұрынғы ректоры, профессор Халел Әділ­гереев, тағы басқалар Мәлік Ғаб­дулин­нің қамқорлығының арқа­сын­да қайта қатарға қосылды. Бұл да ерлік іспеттес шаруа болды...

 

Автор: Бақтияр Сманов,

ҰҒА академигі, 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің

кафедра меңгерушісі, профессор

 

Ақпарат көзі: egemen.kz

21.09.2018 ж.


 



463

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler