қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
26.04.2018

Сорбонна-Қазақстан институтында қоғамдық бостандықтың үлгісіне арналған конференция өтті

 


 

Жуырда Абай Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің Сорбонна-Қазақстан институтында «Конституция және қоғамдық еркіндік: құқық үлгісін қалыптастыру (Қазақстан мен Франция тәжірибесі)» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

 

Қазақстан Республикасы Конституциясының және Франция Конституциясының негізгі ережелерін іске асыру мен қоғамдық еркіндікті қорғау саласындағы тәжірибелермен бөлісу мақсатында өткізілген конференция Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының, Қазақстандағы Франция Елшілігі мен Францияның Орталық Азияны зерттеу институтының (IFEAC) ұйымдастыруымен өткізілді.


Конференция жұмысына Абай Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің ректоры Такир Балықбаев, Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қайрат Мәми, Францияның Қазақстандағы Елшісі Филипп Мартинэ, Франция елінің сарапшылары, Франция мемлекеттік органдарының өкілдері, сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов, ҚР Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева, Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев, Қонаев Еуразиялық Заң Академиясының ректоры Жалаири Өмірәлі қатысты.


Бірінші сөз сөйлеген Такир Балықбаев Қазақстан және Франция екі мемлекетінің президенттері ашқан Абай ҚазҰПУ-дың жанындағы Сорбонна-Қазақстан институты екі ел арасындағы бірқатар өзекті мәселелер мен сарапшылардың жаһандық даму сұрақтарын талқылаудағы пікір алмасу алаңына айналғандығын атап өтті.


Сөз кезегінде Франция Елшісі Филипп Мартинэ Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстан Республикасының ғылым және білім министрі Ерлан Сағадиевпен бірлесе отырып Абай-Верн бағдарламасын жүзеге асыру туралы құжатқа қол қойылғандығын хабарлады.


Конференция барысында ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қайрат Мәми: «Құқықтар мен бостандықтарды құқықтық реттеу дәрежесі құқық қолданудың сапасы ретінде еліміздің даму деңгейін, халықтың әл-ауқатын көрсетеді, түптеп келгенде мемлекеттің әлемдік рейтингін айқындайды» -деді.

 

Конференцияның модераторы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов сөз кезегінде екі елдің конституциялары бір-біріне өте ұқсас екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясын әзірлеуде француз мамандарының белсенді қатысқандығы, сонымен қатар Қазақстанның құқықтық құрылысында және құқық қорғау қызметінде және сот жүйесі сияқты арнайы салаларды қалыптастыру кезінде Франция елінің тәжірибесі ескерілгендігі туралы айтты.


Конференцияда француз сарапшылары террорлық қатер мен төтенше жағдай кезінде қоғамдық еркіндіктің маңыздылығын атап өтті. Қазақстандық сарапшылар өз кезегінде Қазақстан Республикасының Конституциясына конституциялық реформа жүргізу барысында террористік және экстремистік әрекеттерге қарсы тұру жолында азаматтықтан айыру мәселесі бойынша өзгерістер енгізілгендігін еске салды.


Қазақстан мен Франциядан келген ұлттық сарапшылардың қатысуымен өткізілген, екі ел арасында өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген халықаралық ғылыми-практикалық конференция өте жемісті өтті.

 

Авторы: Римма Жанбаева

26.04.2018 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz



453

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler