қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
15.03.2018

Еліміздің алғашқы жоғары оқу орнына - 90 жыл

 



«Егемен Қазақстан» газетінде ағымдағы жылдың 4 қаң­тарында Ж.Самраттың «Алаштың алғашқы институтына 100 жыл» деген мақаласы жарық көрді. Автор мақаласында Қазақ педагогикалық институтының тарихын 1918 жылы сол кездегі Түркістан Советтік республикасының орталығы Ташкент қаласында Қазақ педагогикалық курсы ретінде ашылып, кейін (1920 ж.) Өлкелік Қазақ ағарту институты ретінде қайта құрылған оқу орнынан бастағанды қош көріп, тұңғыш қазақ жоғары оқу орнына 100 жыл толды деген тұжырымға келеді.

 

Ж.Самраттың мақаласынан бұрын «Егемен Қазақстанда» (29.01.2015 ж.) осы ойды профессор Б.Сманов та жан-жақты негіздеуге ыңғай танытқан. Аталған авторлардың бұл мәселеге жарық түсіруге ықылас білдіргені, әрине, құптауға лайық. Дегенмен, бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихымен тікелей байланысты бұл мәселеге қатысты ақиқатты нақтылап анықтай түсу қажет сияқты көрінді.

 

Сонымен, қазақ топырағында тамыр жайған тұңғыш жоғары оқу орнына қанша жыл толды?­ Тарих бұлақтарына үңіліп көрейік.

 

Белгілі мемлекет қайраткері, мемлекеттік қызметін білім саласында бастаған Т. Жүргенов 1927 жы­лы жасаған баяндамасында 20-жылдардың басындағы қазақ қоғамындағы сауатсыздық 95% дең­гейде болғандығын көрсетеді. Міне, осындай жағдайда білім жүйе­сінің алдында тұрған негіз­гі міндет, әрине, жалпы бұқара ха­лық­тың сауатын көтеру бол­ғандығы түсінікті. Ал бұл кезең­де­­ жалғыз қазақ жерінде емес, бұ­­рынғы Ресей империясы көле­мінде де сауатсыздық мемлекет­ үшін ең үлкен мәселелердің бі­рі­не айналды. Өйткені бұқара ха­лықтың сауаттылық деңгейін көтер­мей ең өзекті қоғамдық мә­се­лелерді шешу мүмкін емес еді. Соған байланысты Ташкентте 1918 жылы ашылған түрлі өлке­лік педагогикалық курстар мен Қа­зақ ағарту институтының стра­тегиялық тұрғыдан міндеті мен мақсаты, әрине, бірінші кезекте сауатсыздықпен күрес болатын. Яғни білім беру ісін жүргізудің ал­ғашқы сатысы сауатсыздықты жою еді. Оқу орындарының қыз­меті ең алдымен осы міндетке жұмылдырылды.

 

1918 жылы 20 қарашада Таш­кент қаласындағы орыс педа­го­гикалық училищесінің жаны­нан ұйымдастырылған алты ай­лық курстар қазақ мектептері үшін­ арнайы мұғалімдер даяр­лай­тын алғашқы оқу орны еді­ десе де болады. Осы курс­тар­­да сабақ жүргізу үшін Пе­ровск (қазіргі Қызылорда) қаласынан Қ.Қожықов, Хиуадан А.Байсейітов, Шымкенттен С.Айзунов және басқа оқытушы мамандар шақырылады. Қазақ педагогикалық курсының жұ­мы­­сын жүргізу үшін арнайы «Пе­дагогикалық коллегия» құрылып, оның құрамына Х.Болғанбаев, С.Қожанов, Қ.Қожықов, Ф.Құл­та­сов және Е.Табынбаев еніп, курс­тың меңгерушісі болып И.Тоқ­тыбаев белгіленеді. 1919­ жылы мамырда, міне, осы­­­ педагогикалық курстарды­ 145­ адам аяқтап шығып, ола­р­­дың бәрі бірдей қазақ мектеп­терінде мұғалім болып қызмет атқа­ратындығы жөнінде қолхат береді (Т.Тілеуқұлов, Г.Тілеуқұлова Из истории казахского педагогичес­кого института в Ташкенте. Ал­маты, 2005, с. 27-28).

 

Қарқынды өзгерістер жолында тұрған өмір білім жүйесіне ты­нымсыз жаңа талаптар қоюмен бол­ды. Қазақ педагогикалық кур­­сы 1919 жылы 1 маусымда же­ке педагогикалық учили­ще бо­лып бөлінеді де, өз ретін­де­ осы училище 1920 жы­лы Қа­­зақ Оқу-ағарту комиссариаты ал­қасының шешімімен Қа­зақ ағарту Институты болып қай­та құрылады. Училищеге тие­сілі материалдық-техникалық ба­­за түгелдей институтқа өте­ді. Ташкенттік тарихшы ға­лым­­­­­дарымыз Шырынбек Ора­зым­бетов пен Сейдуәлі Тілеу­құ­лов­тың мақсатты еңбегі арқылы жа­рық көрген жинақта Қазақ Ағар­ту институты өмірінен біраз мәлі­меттер бар.

 

Мәселен, ішкі істер ко­мис­сариатының өкілдері Елизаров пен Черняк қолдарын қойған ак­тіде 1920 жылы 1 қазанда ашыл­ған институттың «міндеті бі­рінші сатылы мектептер үшін жоғары-кәсіби мұғалімдер даярлау» деп көрсетіліп, оқу-ағарту инс­титутының бағдарламасын Ха­лық-ағарту комиссариатының тап­сырмасы бойынша арна­йы құрылған комиссия даяр­лай­тындығын ескертіп, «қазіргі уа­қытта шамамен ІІ сатылы мектеп және ішінара жоғары оқу орындары бағдарламасын басшылыққа алып отырғандығы баяндалады.

 

Институттың 1920-1921 оқу жы­лына байланысты даярлаған есебінде оқу орнының І сатылы мектептерге мұғалімдер даяр­лау ісіне басымдылық беріп отыр­ғандығы, тек қазақ тілінде оқу­лықтардың жоқ болуына, сон­дай-ақ педагог кадрлардың тап­шылығына байланысты ІІ сатылы мектеп бағдарламасын ұстануға мәжбүр болып отырғандығы жө­нінде айтылады.

 

Яғни бұл келтірілген фак­ті­лер­ден педагогикалық курстар мен училище сияқты, Қазақ ағар­ту институты да толыққанды жо­­­ға­ры кәсіби білімді педагогтар­ дая­рлау ісіне көше қойма­ған­дығын байқау, әрине, қиынға түс­­пейді. Ондай мақсатқа көшуге қа­­жет алғышарттар түзіле қойған жоқ-тын. Соған байланысты «Қа­­­зақ ағарту институты туралы» Ережеде оның мәртебесі «пе­­­дагогикалық орта оқу орны» дә­режесінде бекітілді. Негізгі оқу кур­сының мерзімі алдымен бес жыл, кейінірек төрт жыл болып бел­­гіленді.

 

Дегенмен, Қазақ ағарту инс­титуты елімізде жоғары білім жүйе­сін даярлау ісінде аса маңызды міндет атқарғандығын айт­қан жөн. Онда педагогтік кә­сіпті игеру ісінде алғашқы жік­телу үдерісі жүрді. Мәселен, инс­­титутта педагогикалық топпен­ қатар тарихи-филологиялық, фи­зика-математикалық және жа­ратылыстану-географиялық бө­лімдері жұмыс істей бастады. Бұл топтардың тыңдаушылары жал­пыбілімдік пәндермен бірге атал­ған бағыттарға қатысты арнайы пәндерді оқыту ісін қолға алды. Сондай-ақ педагогиканы дидактикамен бірлікте оқыту, психология, логика, мектеп гигие­насы, музыкалық және дене тәрбиесі сияқты пәндерді игеруге де назар ауда­рылды.

 

Институттың кадр құрамы да ірік­теле бастайды. 1922 жылдың 1 наурызына тиесілі оқытушылар тізімінен Абланов Сыдық (ана тілі), Байтурин Алажан (тарих), Байтурин Әділбек (мате­матика), Байтасов Абдолла (қа­зақ тілі), Досмұхамедов Ха­лел (гигиена), Колесникова Сера­фима Васильевна (орыс тілі), Ты­нышбаев Мұхамеджан (тарих), Жұмабаев Мағжан (педаго­гика), Ғалымжанов Файзулла (таби­ғаттану) және басқа оқы­тушылардың аты-жөнін кез­дестіруге болады.1923-1924 оқу жылында Қазақ ағарту институтында 259 адам білім алды. Дегенмен, Қазақ автономиялық республикасының мұғалім кадр­ларға сұранысын Қазақ ағарту институты қанағаттандыра алған жоқ. Осы жағдайды ескере отырып Қазақ үкіметі 1925 жылы РСФСР Халық ағарту комиссариа­ты алдында Қазақстанда жоғары оқу орнын ашу туралы мәселе қоя­ды да, оның келісімін алған соң, Қазақ ССР Халық комиссарлар кеңесі 1926 жылдың 15 тамызынан бастап Ташкент қаласында «Қазақ Жоғары Педагогикалық институты» деген атпен қазақ жоғары оқу орнын ашу туралы шешім қабылдайды.

 

Ташкент қаласында ұйымдас­тырылған алғашқы жоғары оқу орнының ашылу салтанаты 1926 жылы 29 қазанда өтеді. Осы ша­­ра­ға байланысты сол кез­де­гі республика астанасы Қы­зыл­ор­дадан арнайы барған Оқу-ағар­ту комиссары, яғни, бүгінгі тіл­мен айтқанда білім министрі Смағұл Сәдуақасұлы өз сөзінде: «Әри­не, бізге әртүрлі мамандық ие­лері қажет. Біз агрономдарға да, дәрігерлерге де, инженерлерге де және басқа қызметкерлерге мұқ­тажбыз. Дегенмен, қазіргі уақытта қазақ еңбекшілері бірінші кезекте­ педагогтарға мұқтаж» деген тұ­жырымы арқылы ашылып отыр­­ған оқу орнының басқа емес, неге педагогикалық бағыт ал­­­ған­­­дығына нанымды түсінік бер­­ген еді.

 

педагогикалық институ­тының уақытша Ережесінде «Институт жоғары педагогикалық оқу орны болып табылады» деп көр­сетіліп, ал оның міндеті «а) 2-сатылы қазақ мектептері мен техникумдарға оқытушылар даяр­лау; б) ғылыми-методикалық мә­селелерді шешу, педагогика және өлкетану салаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйым­дастыру», сондай-ақ, «в) Қазақ Автономиялық ССР еңбек­ші бұқарасы арасында ғылым же­тіс­тіктерін тарату» екендігі ай­тылды.

 

Ережеде, сондай-ақ, Қазақ пе­­­да­гогикалық институты­на­ РСФСР педагогикалық жоға­ры оқу орындарына тиесілі құ­қық пен штаттық кестенің та­рай­тындығы, ал оқу жоспары мен бағ­дарламаларды анықтауда РСФСР педагогикалық институт­тары үшін белгіленген оқу жос­пары мен бағдарламаларды басшы­лыққа алатындығы (жергілікті ерекшеліктерді ескеру және оларды енгізу арқылы) міндеттелді.

 

Ал осы алғашқы жоғары оқу ор­ны неге ұлттық сипат алуға тиіс болды? Осы сауалға жауап­ берген жөн. Ол институтты ұйым­­­дастырудағы басты міндет­тен,­ яғни, жоғары оқу ошағы ар­­қы­лы қазақ халқын өз ана тілін­де әлемдік мәдени кеңістікке шы­ғару әрекетінен туындап жатты. Осы қойылған міндетке байланысты институт жұмысына, он­дағы оқу процесін жүргізу ісіне кеше ғана ұстанған көзқарас ерек­шелігіне қарамастан, бүкіл алаш­тық белсенді буын тартыл­ды. Өйткені бұл шара мемлекет, қоғам алдында тұрған мін­детке толық үйлесімді қадам еді. Өкі­нішке қарай, көп ұзамай совет би­лігі бұл ұстанымынан бас тарт­ты. Алаштық зиялылар 1925 жыл­дан бастап оқу-ағарту ісінен шет­тетіле бастады. Бұл жағдай білім жүйесінің гумандық, ұлттық маз­мұнына әсер етпей қоймайтын еді. «Түрі ұлттық, мазмұны ин­тер­националдық» қағидасы ба­сымдық алуға тиіс болды.

 

Институт ректоры Т.Жүрге­нов жылдық есебінде «жыл өт­се де ұлттық жоғары оқу орнын құру ісі аяқталған жоқ» де­­ген ойды білдіріп, бұл ойын не­гіз­деуді ұмытпаған еді. Рек­тор­дың пікірінше жоғары оқу орны қашан және қандай жағ­дайда өз міндетін атқара алады? Ондай мүмкіндікке жоғары оқу орны институт қабырғасында жүргізілетін пәндер түгелдей жергілікті қазақ халқының тіліне көшірілгенде, яғни, білім жолына түс­кен қазақ баласы бастауыш және орта мектепті ғана емес, сон­дай-ақ жоғары білімді де өз ана тілінде алып, (біртұтас жүйе ре­тінде) табиғат және қоғамдық қатынастар сырын ашып, тү­сінуге көмектесетін әлемдік ғы­­лымды өз ана тілінде игеру мүм­кін екендігіне толық көзі жеткенде ғана ұлттық жоғары оқу орны қалыптасты деп айтуға болатындығына баса назар аударды. Ал әзірге, мақсатқа бет бұрып, сол жолға енді ғана шықтық деген тұжырымға келеді. Басқаша айтқанда, бұл тарихи кезеңнің ерек­шелігі енді ғана қалыптаса бастаған мектеп жұмысын жер­гіліктендіру, яғни оған ұлттық түр­ ғана емес, ең негізгі нәрсе - ұлт­тық мазмұн да беру еді. Бұл өзін Ахмет Байтұрсынұлының шә­кірті санаған, Темірбек Қа­ра­ұлы Жүргеновтің жасаған тұ­жырымы еді.

 

Өз ретіне қарай айта кеткен арт­ық емес, 1937 жылы абақтыға та­ғы да жабылған Ахаң қиналған бір сәтінде жұмыс сұрап, Жүрге­новтің қабылдауында болғанын, оның комиссариаттың көмегі деп үш жүз сом ұстатқанын қа­да­лып сұраған тергеушіге ай­туға мәжбүр болады. Осындай қиын сәттерде ел азаматтары бі­рі-біріне қолұшын беруді де ұмытпаған еді...

 

Авторы: Мәмбет Қойгелдиев,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор

15.03.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz, PDF



 



817

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler