қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
04.01.2018

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ОРТАЛЫҒЫН АШАМЫЗ

 



Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баев биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақыры­бындағы бағдарламалық еңбегінде: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақ­стан - 2050 Стратегия­сында» «2025 жылдан бас­тап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек­тігін» мәлімдедім. Бұл - сол кезден барлық са­лаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді бас­пасөзді, оқулықтарды, бәрін латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз... Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы техноло­гиялық ортаның, коммуника­цияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекше­лігіне байланысты», - деген болатын.

 

Латын әліпбиіне көшу туралы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері айтылып, «Қазақстан-2050» Стратегия­сында бұл жөнінде міндет те белгіленіп, тіл білімі ғылыми-зерттеу институты жаңа графиканың жоба­сын жасап келе жатқаны белгілі. Алай­да, Мемлекет басшысының ру­хани жаңғыруға байланысты бағ­дарламалық еңбегі бұл іске тың серпін беріп, көктемнен бері іс алға жыл­жыды. Латын әліпбиінің бірнеше жаңа нұсқасы жасалып, ол бүкіл ха­лықтың, ғалымдардың, зиялы қауым­ның талқылауынан өтіп, алты мыңдай ұсыныс түсті. Ақыры әбден екшелген нұсқа қабылданып, қазақ елінің көп жылғы арман-аңсары жүзеге асты.

 

Елбасының 27 қазан 2017 жылғы Жарлығымен бекітілген жаңа нұсқа бәріміздің де көңілімізден шықты. Мұнда тілдің дыбысталуы нақты­ланды. Әріп саны бүгінгі ақпараттық технологияның талабына сәйкес­тендірілді. Қазақ әліпбиінің орфогра­фиялық нормаларын айқындауда озық дәстүрлер мен жаңа уақыт талабына сабақтастыруға, сәйкес­тендіруге басымдық беріліп отыр.

 

Тіл білімі ғалымдарының пікірін­ше, қазақ тілінің латын әліпбиіне көш­уі ана тіліміздің әлем тілдерінің биігіне көтеріліп, халықаралық дең­гейде өз орнын алуына және әлемдік ақпараттық кеңістікке енуіне ықпал етеді.

 

Сондай-ақ, Елбасы рухани жаң­ғыру туралы еңбегінде 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа гра­фикадағы стандартты нұсқасы қабыл­данса, 2018 жылдан бастап жаңа әліп­биді үйрететін мамандарды және орта мектепке арналған оқулықтарды дайын­дауға кірісуіміз қажеттігін, ал­дағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізуге тиіс екенімізді айтып, ауқымды тапсыр­малар да берген-ді.

 

Елбасының тапсырмасына орай әлі алда атқарылатын жұмыс ұшан-теңіз. Біздің Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университе­тінің ғалымдары да осынау игілікті іске белсене атсалысуға әзір. Қазақ­стандағы орта мектепке арналған оқулықтардың 70 пайызын жазған Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары латын әліпбиін оқыту жөніндегі оқу-әдістемелік құралдарды дайындауға да құлшыныс танытып отыр. Уни­верситет жанынан білім мекеме­леріндегі педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыратын «Латын әліпбиін оқыту әдістемесі» орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, латын әліпбиіне қатысты кез-келген оқу-әдістемелік мәселелерді шешуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз.

Еліміздің рухани жаңғыруына бастайтын бұл жаңа үрдістің өміршең болатынына, ана тіліміздің латын әліпбиі арқылы әлемдік өркениеттер көшіне ілесетініне сеніміміз кәміл.

 

 

Авторы: Такир БАЛЫҚБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор

04.01.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz

 

 



573

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler