қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
24.10.2017

ДЕНСАУЛЫҚ КҮНІ ӨТТІ

 

 

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқының денсаулығын нығайту, спорттың бұқаралылығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, осы арқылы дені сау ұлт қалыптастыру мәселесіне үзбей көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаны да белгілі. Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінен туындайтын жаңа адамды тәрбиелеуде де дені сау ұлт болашағына қамқорлық айқын сезіліп тұрады.

 

Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педа­гогикалық университетінде де дені сау ұрпақ қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Оқу орнында жа­қын­да ғана өткен «Денсаулық күні» спар­та­киа­дасы - осы сөзіміздің дәлелі. Спар­та­­киа­да жалауы көтерілген соң, универ­си­­тет ректоры, профессор Такир Балықбаев жи­налғандарды «Денсаулық күні» мере­кесімен құттықтап, іс-шараны ашық деп жариялады.
- Денсаулығы мықты, шымыр да шы­ныққан, жан-жақты дамыған жас елі­міздің ертеңгі тірегі бола алады, - де­ді ректор Т.Балықбаев. - Біздің униве­р­си­тетімізде де дене тәрбиесі мен спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сауық­тыру дене тәрбиесі кафедрасында бүгін­де спорттың әр түрінен 21 секция жұмыс істейді және оған 500 студент тұрақты қа­тысады. Студенттеріміз Мейрамбек Ба­рақ, Самат Әлжаппар, Светлана Пи­ро­женко, Дидар Нұрлан, Қарашаш Ес­дәулет, Нұржан Жолдыбай, Анастасия Ха­хуля, Мадияр Әшкеев, Бөрте Қалзия - халық­аралық және республикалық жарыс­тардың жеңімпаздары, қазақша күрес­тен, грек-рим күресінен республика ку­богінің иегерлері, каратэ-до спор­ты­нан әлемдік чемпионатқа, қысқы және жазғы универсиадаларға қатысқандар. Біз бұларды мақтан етеміз. Алдағы уа­қыт­та спорттың бұқаралылығын, жас­тар­­дың спортқа қызығушылығын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін де жасай­мыз.
«Денсаулық күні» спартакиадасының ашылу салтанатына келген Алматы қа­ла­­сы Медеу ауданының әкімі Ержан Жыл­­қыбаев спартакиадаға қатысушы­лар­ды құттықтады.
- Бүгінгі іс-шараның Қазақстандағы тұң­ғыш жоғары оқу орны - Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің 90 жылдығына арналуының мәнісі терең. Осы бір ғасырға жуық уа­қыт­та қазақ сахарасы үшін, жүз мыңда­ған мұ­ғалім кадрын даярлап, ілім-білім шаш­қан оқу орны қазақ элитасын қа­лып­тастыруға да өлшеусіз үлес қосқанын мақ­тан етеміз және университет мерей­тойын жоғары деңгейде өткізуге Медеу ау­данының әкімшілігі де өз үлесін қо­сатын болады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дені сау, саламатты ұрпақ қалыптастыруға ба­ғытталған игілікті бастамаларыңызға әрдайым қолдау білдіреміз, - деді ол.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­ги­­калық университетінің әскери кафед­ра­сы Алматыдағы барлық әскери жо­ғары оқу орындарымен тұрақты бай­­ланыста жұмыс істейтіндіктен, бұл ме­рекеге сол оқу орындарының курсан­т­тары да қаты­сып, жауынгерлік өнер көрсетті. Мыса­лы, радио-электроника байланыс инс­ти­тутының курсанттары қаруды сапқа дайындау және ұстау, қарумен сапта жү­ру тәсілдерін көрсетсе, десант әскер­лері қарсыласпен жекпе-жек айқасу, шабуылды тойтару тәсілдерін көрсетіп, көрермендерді тәнті етті.
Ресми бөлім спорттық жарыстарға жал­ғасып, институт жанынан құрылған ко­мандалар футбол, волейбол, қазақ күре­сі, жеңіл атлетика, үстел теннисі, шах­мат, тоғызқұмалақ, қол күресі секілді ойын түрлерінен бақ сынасты. Университет бойын­ша 35 команда, 750 спортшы қа­тысты.
Командалық есеп бойынша, про­фес­сор-оқытушылар құрамы мен қыз­мет­керлер арасында ұйымдастырылған спорт­тық жарыстар нәтижесінде, 3 орын­ды Математика, физика және ин­фор­матика институты иеленсе, Жара­ты­лыстану және география институты 2 орын­ның жеңімпазы атанды, жүлделі 1 орын Өнер, мәдениет және спорт инс­титутының еңшісіне бұйырды.
Командалық есеп бойынша, сту­дент­тер арасында ұйымдастырылған спорт­тық жарыстар нәтижесінде, Өнер, мә­дениет және спорт институты - 3 орын жүлдегері, Математика, физика және информатика институты - 2 орын жүл­дегері, Филология және көптілді бі­лім беру институты жүлделі 1 орынның жеңім­пазы атанды. Барлық жеңімпаздар уни­верситет ректорының грамотасы жә­не арнайы кубокпен марапатталды.

 

Авторы: Мырзахан АХМЕТ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

24.10.2017ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz



408

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler