қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / Жаңалықтар
29.11.2011

ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҰЛЫ ТҰЛҒА


Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті А.Байтұрсынұлы атындағы «Тұлғатану» орталығының директоры Мукатова Дана Мукатқызының және тарих факультеті «Отан» тарихы және тарихты оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Халидуллин Ғизатолла Хаймолдаұлының ұйымдастыруымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың 80 жылдығына байланысты «Ұлт жанашары - Өзбекәлі Жәнібеков» тақырыбында «дөңгелек стол» өткізілді. Оған белгілі ғалымдар, Ө.Жәнібековпен қызметтес болған мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
Басқосуды ашқан ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Көпжасар Нәрібаев Ө.Жәнібековтың мемлекеттік6 қоғамдық және ғылыми қызметі, қазақ рухани құндылықтарын зерттеу, оны жарыққа шығару, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді дамыту жөніндегі баға жетпес еңбектеріне шолу жасай келіп, оның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргенов пен Ілияс Омаровтардың деңгейіндегі тұлға болғанын атап көрсетті.
Университет ғалымы Ә.Нұрғалиұлының баяндамасы Өзбекәлі Жәнібековтың мемлекеттік, қоғамдық қызметтері мен ұлт жанашыры ретіндегі тұлғасын ашып көрсетуге арналды. Академик Серік Қирабаев Өзбекәлі Жәнібековтың ел тәуелсіздігінің туы болғанын атап көрсетті. Сонау қылышынан қан тамған кеңестік тоталитарлық заманның өзінде Ө.Жәнібеков халықты ұлтжандылыққа тәрбиеледі. Жер бетінде қазақ сияқты меймандос, бауырмал, батыр, өнерпаз, иманды халық бар екенін айтып, бізді осы халықтан шыққанымызды мақтан ететіндей асқақ рухтың иесі болуға үндеді. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде қызмет істеп жүрген кезінде арнаулы комиссия құрып, Алаш зиялыларын ақтау, олардың мұраларын жарыққа шығару жөнінде жанқияр тірліктер тындырды. Әсіресе Шәкәрім Құдайбердіұлын ақтау кезінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тарапынан көп кедергіге кездесті. Бізде Шәкәрімнің қылмыстарын айғақтайтын құжаттар бар, ол нағыз қылмыскер деп қасарысты МҚК өкілдері. Бірақ соған қарамай Өзбекәлі Жәнібеков өз комиссиясы арқылы Шәкәрімді ақтап алды. «Егер Өзбекәлі Орталық Комитетте қызмет істемесе Алаш зиялыларын ақтап алуымыз қиын болатын еді», - деді академик Серік Қирабаев. Тоқсаныншы жылдардың басында тіл мәселесі өткір қойылғаны белгілі. «Сол кезде «Қазақ тілі» қоғамын құру, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, жер-су аттарын қалпына келтіру, елімізде қазақ мектептері мен балабақшаларын көптеп ашу жөнінде қасқая жұмыс істеп, азаматтық, қайраткерлік күш-жігер танытқан да осы Өзбекәлі Жәнібеков пен сол кездегі үкіметбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын», - деді академик Өмірзақ Айтбаев.
Белгілі ғалым және қоғам қайраткерлері Шәмша Көпбайқызы Беркімбаева мен Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова Өзекеңнің елімізде ұлттық театрлар мен ән-би ансамбльдерін құру, қазақ өнерін дамыту жөніндегі еңбектеріне тоқталды. Бір кезде одақтық бұқаралық ақпарат құралдары қазақта ұлттық би жоқ, би өнері дамымаған деп жар сала жазып жатқанда Ө.Жәнібеков Мәскеуден арнайы шақыртқан атақты балетмейстер қазақ билерін көрсетіп, бізде ұлттық би өнері қай деңгейде екенін дәлелдеп берді. Ол кісінің басшылығымен республикада «Салтанат» би ансамблі құрылды. Торғайда драма театры, Алматы облысында Үмбетәлі жырау мұражайы және басқа да ондаған өнер ұжымдары өмірге келді. Ленинградтың Эрмитаж мұражайынан Түркістанның Тайқазанын қандай қиындықпен алдырғаны да ұмытылған жоқ. Қазақтың ұлттық киімдері, әшекейлері, зергерлік бұйымдары туралы зерттеу еңбектерінің де шоқтығы биік.
Дөңгелек үстелде сөз алғандар Өзбекәлінің ұлт намысы үшін жанып кететін ұлтжанды азамат болғаны туралы тебірене сыр шертті. Кеңес Одағы кезінде «Қазақтар мал бағуға барсын, олар өндіріс пен техникаға икемсіз» деген ұлттық намысқа тиетін ауыр сөздер көп айтылды. «Қазақтардың өндірісте жұмыс істей алатынын, олардан мыңдаған талантты инженерлер шыққанын дәлелдеп, тиісті мінбелерден үн қатты Өзбекәлі Жәнібеков. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде қазақ жастарына маскүнем, нашақор деп күйе жағып жатқанда да Жәнібеков Орталықтың бұл әрекетін қаймықпай әшкереледі. Ол ұлтын сүйген, ұлты үшін туған, оның туын биік көтерген дарабоз перзент болатын. Ө.Жәнібековтың ұлтжандылығы, ұлтқа жанашырлығы бүгінгі және болашақ ұрпаққа өнеге болуға тиіс.
Ұлт тұлғасының жұбайы Қалихан Айдосқызы және осы жиынға қатысқан қайраткерлер Өзбекәлі Жәнібековке арнап осындай басқосу ұйымдастырып отырғаны үшін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиевке зор алғыс айтты.

 

 



922

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler