қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / Жаңалықтар
16.02.2017

Жастар арасында діни сауаттылықты жетілдіру онкүндігі өз жұмысын бастады

 

Қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризм әлемдік дертке айналған ең күрделі проблемалардың бірі. Елімізде деструктивті ағымдардың астыртын үгіт-насихат жұмысы қарқын алып, діни экстремистік идеялардың қоғамымызда тарай бастағаны жасырын емес.

Мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін діни негіздегі әртүрлі құқық бұзушылықтардың, дін атын жамылған түрлі теріс пиғылды ағымдар іс-әрекетінің белең алып, жастарды өз идеологиясына белсенді түрде тартуы көбеюде. Бұған дәлел үстіміздегі жылдың 5 маусымында Ақтөбе қаласында, одан кейін шілде айында Алматы қаласында болған лаңкестік әрекеттер.

Қоғамда бұндай лаңкестік қарекеттерді болдырмау, оларға тосқауыл қою мақсатында біз ең алдымен жастардың діни сауаттылығын арттырып, оларды радикалды ағымдардың ықпалынан аластатуымыз қажет. Осы орайда, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында «Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек» деп ерекше тоқталып өтті.

Жастардың діни сауаттылығын арттыру және оларды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтау мақсатында 2017 жылдың 15 ақпаны күні қазақ білімінің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Діни салауаттылықты жетілдіру онкүндігі» өз жұмысын бастады. Онкүндік жұмысы Алматы қаласы Дін істері басқармасы өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелмен ашылды.

Шара университетіміздің Тәрбие ісі жөніндегі проректор, профессор Жанатбек Ішпекбаев ашып, күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқталып, одан әрі ол: «Біздің білім ордамызда радикалды діни ағымдардың жұмысына тыйым салу, жастардың арасында ақпараттық-идеологиялық жұмыстарды күшейту, олардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында келесідей шаралар кешені ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда:

- «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына негізінде жыл сайын «Экстремизмге идеологиялық тұрғыдан қарсылық жөніндегі» іс-шаралар жоспары әзірленіп, соған сәйкес шаралар кешені ұйымдастырылады;

- Дінтанушы, педагог, психолог ғалымдар құрамынан лекторлық топ құрылып, аталмыш топпен жыл бойы дәрістер циклы ұйымдастырылады;

- 2014 жылдан бастап «Экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу және діни сауаттылықты жетілдіру» онкүндігін ұйымдастыру қолға алынды; Барлық 1 курстың 2 семестрінде 2 кредит бойынша «Дінтану» пәні жүргізіледі;

- Қазақстан Республикасы Дін істер және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы бастаған республикалық ақпараттық-насихат топпен кең ауқымды кездесу өткізіліп, аталмыш топпен тығыз байланыс орнатылды;

- Студенттерге әдістемелік нұсқау беру мақсатында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің арнайы дінтану сараптамасынан өткен «Дінде де сақтық керек» атты ақпараттық-танымдық кітапша шығарылып, көпшілікке ұсынылды.

Бұдан басқа университетіміздің Тәрбие басқармасы жыл бойы жүйелі түрде Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Орталық мешіт қызметкерлері, Алматы қаласы Дін істер департаменті өкілдерінің қатысуымен кездесулер, дөңгелек үстелдер мен дәрістер ұйымдастырып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасы Дін істер агенттігінің бірлесуімен әзірленген студент жастардың теріс пиғылды діни идеологияны қабылдамауын қалыптастыруға бағытталған фильмдер топтамасы көрсетілуде. Осындай мазмұнды шаралар жастарымыздың дұрыс көзқарастарын қалыптастырып, дәстүрлі дінімізді ұстануға өз ықпалын тигізіп келеді» деп өз ойын білдіріп, сөз кезегін шара қонақтарына ұсынды.

Өз кезегінде сөз алған Алматы қаласы Дін істері басқармасының сараптама және зерттеу орталығы бөлімінің меңгерушісі Тұрсын Таңатарұлы Құдайқұлов экстремизм, терроризм, радикализмге байланысты мәліметтер айтып, лаңкестікпен қарсы күрестің құқықтық негіздері, қазіргі кездегі діни ахуалы жайында мағлұмат берді. Сондай-ақ университет ректорының тәртіп бойынша кеңесшісі Нұрали Амангелдіұлы Айтуреев жастардың діни сауаттылығын арттыру және оларды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан қорғау керектігіне тоқталып өтті. Шара аясында университетіміздің халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Құдайбергенұлы Симтиков, Саясаттану және әлеуметтік философиялық пәндер кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Дәуренбек Өмірбекұлы Құсайынов «Қазақстанның үшінші жаңғыруы арқылы әлемдік төртінші өнеркәсіптік революцияға барар жолдағы ұлтаралық келісім», «Қазіргі Қазақстандағы діни ахуал және оның ерекшеліктері» атты тұщымды баяндамалар жасады.

Жиын соңында, Тәрбие ісі жөніндегі проректор Жанатбек Ішпекбаев дөңгелек үстелге қатысқан қонақтарға өз алғысын айтып, күні бүгінге дейін атқарылып келген іргелі істермен бірге, алдағы күндердің басты міндеттердің бірі экстремизм мен лаңкестікке қарсы бағытталған онкүндікте бір жұдырықтай жұмылып, жастардың діни сауаттылығын арттыруға шақырды.

 

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және

жастар саясаты жөніндегі басқармасы




750

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler