қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
24.03.2020

Кедергісіз білім - кемел болашақ

 


 

2019 жылдың желтоқсан айында Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында пайда болған COVID-19 вирусы бүгінгі күнге дейін әлемнің 130-дан астам еліне тарағаны белгілі. Осыған орай Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы барша құрлыққа өрши тарап жатқан бұл індетті пандемия деп жариялап, оған қарсы шараларды қолға ала бастады. Адамзат ұрпағын алаңдатқан COVID-19 вирусы, өкінішке орай, біздің елімізді де айналып өтпеді.

 

Осы індеттің алдын алу және еліміздің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айының 16-ы мен сәуір айының 15-і аралығын Қазақстанның барлық аумағында коронавирустың салдарынан төтенше жағдай жариялды. Президент тапсырмасына байланысты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 16 наурыздан сәуірдің 5-не дейін балалар көктемгі демалысқа жіберілгенін атап өтіп, ал жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқу жүйесіне көшкенін жеткізді.

 

Аталған мәселеге байланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Оспанұлы Балықбаевтың жетекшілігімен қоғамның қауіпсіздігі мен азаматтармыздың амандығы үшін 16.03.2020 - 05.04.2020 жж. аралығында білім алушыларды қашықтықтан оқыту технологиясына көшіру жөніндегі жұмыстарды жедел бастаған болатын. Бұл үдеріс біздің университетіміз үшін кедергілер туындатпады. Өйткені, біздің жоғары оқу орнының оқытушылар құрамы мен білімгер жастар соңғы бірнеше жылдан бері қашықтан оқыту технологиясын кеңінен пайдаланып келеді.

 

Осының нәтижесіне университет ректоры бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес жүйелі жүргізілетін жұмыстарды кәсіби мамандарымыз жедел қолға алды. Қазіргі кезде «Univer», «Google Classroom», «ZOOM» тұғырнамаларына сәйкес қашықтан оқыту басталды. Бұл бағыттағы тапсырмаларды орындау еш қиындық келтірген жоқ. Себебі биылғы қаңтар айының 8-інен бастап ұжым басшысының бұйрығымен (03-05/12) әлемдік білім беру жүйесіндегі «Пайдалы платформа» жобасы 13.01.2020- 25.02.2020 жж. аралығында жүзеге асырылған еді. Курсқа барлық білім алушылар кеңінен қатысып, LSM MOODLE жүйесімен онлайн оқудың қыры мен сырын меңгерді. Бұл жүйе қашықтан білім беру жүйесі ретінде Еуропа елдеріне кеңінен таралған танымал бағыт.

 

LSM MOODLE тұғырнамасы Open University (UK), Мicrosoft (UK), Google (UK) және Istiuto Superiore di Sanita ISS (Италия) ұйымдарда белсенді қолданысқа ие. Сондықтан біз университеттегі студенттерді оқу үдерісіне сай қажетті біліммен қамтамасыз ету үшін осы бағдарламаға жүгінудеміз. Университеттің қабырғасында бастау алған игі істердің нәтижесінде студенттеріміз кез-келген жағдай мен кез-келген уақытта сапалы білім алудың барлық мүмкіндіктері қарастырылып, техникалық тиімді тәсілдер үздіксіз жетілдірілуде.

 

Халықаралық қауымдастықты аяғынан тік тұрғызған жұқпалы дерттің өршуіне орай қоғам құбылнамасындағы алаңдатарлық ахуалға әр адамның жауаптылығы маңызды екендегі түсінікті жәйт. Сондықтан біздің жоғары оқу орнының басшылығынан бастап қатардағы қызметкерге дейін студент жастармен бірлескен түрде ортақ мақсаттағы көптеген шаралар атқарылып, түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Қашықтан оқыту технологиясы бойынша тоғыз мыңға жуық студент кедергісіз біліммен кемел келешекке ұмтылыс жасауда.

 

 

 

Авторы: Хайрулла Нышанұлы Жанбеков,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университеті, Академиялық мәселелер жөніндегі
департамент директоры, жер ғылымдарының
докторы, профессор, Алматы қаласы

24.03.2020 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz

 



301

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler