қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
13.01.2020

"Педагог мәртебесі туралы" Заң мен Білім мен ғылымды дамытудың бағдарламасы кеңінен қолдау тапты

 


 

Төрімізге жаңа енген Жаңа жылдың алдында ғана еліміздің білім саласында екі үлкен жаңалық өмірге келді. Оның бірі - Қазақстан Республикасы «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы болса, екіншісі - «2020-2025 жылдарға арналған Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» болатын. Бұл екеуі де еліміздің білім саласын жаңа сапалық деңгейге көтеруге, мұғалімдердің абырой-беделін арттырып, құқығын қорғап, оларды шынайы шығармашылық ізденістерге бастайтын ізгілікті құжаттар екенінде дау жоқ, - деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

 

Еліміздің педагогикалық оқу орындарының көшбасшысы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор-оқытушылары мен барлық ұжымы аталған заң мен бағдарламаны зор қанағаттанарлық сезіммен қабыл алған болатын. Жуырда университет ұжымы бұл құжаттарда айтылған тұжырымдарды, міндеттерді қайтадан бір ой елегінен өткізіп, оларды жүзеге асыру жолдарын қарастыру үшін жиналды. Жиналысты ашқан университетіміздің ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев «Педагог мәртебесі туралы» Заң мен «2020-2025 жылға арналған Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламаның» маңызына тоқталып, алғашқы сөзді университетіміздің проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Ақтолқын Құлсариеваға берді.

 

Профессор А.Құлсариева Қазақстан 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының 2023 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму мақсаттарына, оның ішінде адамдардың сапалы және өмір бойы білім алуын қамтамасыз етуге бағытталған төртінші мақсатқа қол жеткізуге міндеттеме алғандығын және жаңа бағдарламаның осыған байланысты қабылданғанын еске салды. «Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» білім беру саласындағы барлық түйінді мәселелерді шешуге бағытталған. Онда Елбасы мен Президенттің сөздерінде айтылған өзекті мәселелер, үкіметтің орта және ұзақ мерзімге арналған бағдарламаларының негізгі тұжырымы толық қамтылған. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаттары: қазақстандық білім мен ғылымды жаһандық бәсекелестік деңгейіне көтеру; жастарды жалпы азаматтық құндылықтар негізінде оқыту мен тәрбиелеу; ғылымның ел экономикасына қосар үлесін арттыру болатын. Алда тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін оның он бір міндеттен тұратын бес бағыты айқындалды.

 

Ол міндеттер педагог кәсібінің жоғары мәртебесін қамьамасыз ету, педагогикалық білімді модернизациялау; қала мен ауыл мектептерінің білім беру сапасындағы айырмашылықты азайту; оқытудың қауіпсіз және ыңғайлы ортасын қалыптастыру, озат тәжірибелер негізінде оқушылардың, педагогтардың, білім беру ұйымдарының білім сапасын бағалаудың жаңартылған жүйесін енгізу; экономика мен аймақтық ерекшеліктерге сай оқытудың, кәсіптік даярлаудың жалғастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуді жүзеге асыруы тиіс. Сонымен бірге білім алушылардың интеллектуалдық, рухани-адамгершілік және тұлғалық дамуын қамтамасыз ету, заман талабына сай білім беру ұйымдарының цифрлық инфрақұрылымы мен материалдық базасын дамыту, басқару мен қаржыландыру жүйесінің жаңа үлгісін енгізу, ғылымның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру да Бағдарламадағы негізгі бағыттарға жатады.

 

Профессор А.Құлсариева одан әрі бағдарламада кадр әлеуетін дамыту үшін педагогтардың жалақысын көтеру жоспарланып отырғанын айтты. Мұғалім жалақысы 2020 жылы орта есеппен 123 мың теңге болса 2025 жылға қарай 420 мыңға дейін жетеді. Олардың кәсіптік шеберліктері ескеріледі. Педагогикалық білімді қайта жаңғырту осы бағдарламаның басты мақсаттарының бірі. Жоспарлы мерзімде ЖОО-лар мен колледждерде жүз пайыз жаңартылған бағдарлама бойынша оқытылады. ЖОО мен колледждердің мектептермен және балабақшалармен байланысы нығаяды, педагогикалық практика түбегейлі жаңартылады, педагогикалық мамандық алған түлектер сертификатталады, осы мамандыққа түсетін талапкерлерге талап күшейтіледі, шығармашылық емтихандарға өзгерістер енгізіледі, аралас мамандықтар бойынша мамандар даярлау, мұғалімдердің біліктілігін арттыру жаңаша ұйымдастырылады.

 

Баяндамашы мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу саласындағы жаңа міндеттер, балалар үшін қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыру сияқты өзекті мәселелер жаңа бағдарламада жан-жақты қамтылғанына тоқталды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін мемлекет қыруар қаржы бөлетінін айтты.

 

Сондай-ақ ол мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін университет тарапынан атқарылатын жұмыстар туралы ойларымен бөлісті. Университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Т.Балықбаев «Педагог мәртебесі туралы» Заң бойынша жасаған баяндамасында аталған заңның барлық бөлімдеріне, баптарына, олардың маңызына шолу жасай келіп, оны жүзеге асыру жөніндегі негізгі міндеттерге тоқталды.

 

- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының базалық және оқу-әдістемелік орталығы болғандықтан «Педагог мәртебесі туралы» Заң талаптарының орындалуының негізін қалау бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, - деді ректор Т.Балықбаев. - Алдымен педагог даярлау жөніндегі білім бағдарламаларын жобалау және оны жүзеге асыруымыз үшін алғышарттар жасауымыз керек. Оқу үдерісіне «Педагогикалық этика» курсын енгізуді, оқу бітіретін жастарға педагогикалық практикадан өту кезінде мұғалімдік жұмысқа алғаш кіріскелі отырған жас мамандарға көмек көрсету үшін «Тәлімгерлік» жүйесін әзірлеуді ойластырып отырмыз. Әлемдік білім беру тәжірибелерін пайдалана отырып, оқу сапасын жақсарту, ашық және онлайн-білім беру жүйесін дамыту басты назарда болады. Аталған заңға сәйкес педагогикалық профильдегі білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, педагогтардың біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлінеді.

 

Ректор Т.Балықбаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңды жүзеге асыруға байланысты университет тарапынан атқарылатын жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Жарыссөзге шыққан «Педагогика және психология» институтының директоры, профессор Б.Әлмұхамбетов, «Жаратылыстану және география» институтының директоры К.Қаймулдинова, Ғылым департаментінің директоры, профессор С.Сахиев және басқалар талқыланып отырған мәселелер бойынша өз ойларымен бөлісті. Жиналысқа қатысқандар «Педагог мәртебесі туралы» Заң мен 2020-2025 жылдарға арналған Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қанағаттанғандық сезіммен қолау білдірді.

 

 

13.01.2020 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz

 



61

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler