қазақша · русский · english
 
 
  Main / Mass media about us
13.11.2018

Алматыда студенттер Спартакиадада сынға түсті

 


 

Жуырда Алматыдаға М. Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағының «Спартак» спорт кешенінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің 90 жылдығына орай, салауатты өмір сүруге арналған дәстүрлі «Денсаулық-күні» Спартакиадасы өтті. Шара 500-ге жуық студенттерден құралған флешмобпен ашылып, одан әрі командалардың шеруіне, дене шынықтыру және спорт кафедрасы жанындағы спорттық секциялардың көрінісіне ұласты.

 

«Адам денесінің жетілуі - оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болса, онда денді сауықтыру керек» - деп, денсаулықтың қадірі туралы ұлы шығыстың ойшылы әл-Фараби асқан білгірлікпен айтқан екен. Спорт оптимистік өмірмен, сергектік мәдениетін қалпастыратын болса, осы бір қамшының сабындай қысқа уақытта, дене қимылын арттырып, қозғалысты күшейткенде ғана өмірге деген сүйспеншілік арта түседі деп ойлаймыз.

 

Негізі еліміздегі оқу ордалары арасында тұңғыш рет іргесі қаланған киелі қара шаңырақтың тарихы тереңде жатқанын жақсы білеміз. Биыл айтулы білім ордасы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Сондықтанда университет ұжымы мерейтой алдындағы ізгілікті шараларды бастап та кетті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы аясында оқу орнының ұжымы мен жастары арасында ұйымдастырылған «Денсаулық күні» Спартакиадасының салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, дене шынықтыру және спортқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында пайдасы өте зор. Спартакиада барысында футбол, волейбол, үстел тенисі, жеңіл атлетика, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі, арқан тарту, гір тасын көтеру қатысушылар сынға түсіп, университет өнерпаздары өздері әзірлеген концерттік бағдарламаларын ұсынды.

 

Әрине, үлкен спортта жүрмегендіктен анда-санда осындай сайыстарға қызу кірісіп кеткен жандарға ауыр тиері де сөзсіз. Тіпті жарақат алып қалуы да мүмкін. Мысалы, жастар атқа шауып, түрлі спорттармен белсене айналысса қалыпты жағдай деп қабылдаймыз. Ал, 40-50 ден асқан жастардағы азаматтарға таңырқай қарайтынымыз дұрыс емес деп ойлаймын. Негізі мына көршілес Қытай елінде қарттар көшеде тұрып алып, түрлі жаттығуларды жасап жатады. Оған назар салып жатқан бір жан жоқ. Біздің елде қоғамдық орындар мен спорт алаңдарында жаттығып не болмасы жүгіріп жүрген ақсамайлы егде адамдарға тесіле қарап, түрлі сөздерді айтып кетіп бара жатқан адамдарды көресің. Адам үшін қозғалыс өмірдің тірегі екенін ұмыптағанымыз ләзім. Атақты классик жазушы Ғабит Мүсірепов «Дұрыс жолға қойылған денешынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойына жәрдем ететін нәрсе» - деген екен. Сондықтан да спорттың жалпы адамның денсаулығының шыңдала түсуіне берер пайдасы шексіз.

 

Жарыстың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің ректоры Тахир Оспанұлы Балықбаев қатысушыларға сәттілік тілегеннен кейін жуырда ғана елордамыз Астана қаласында өткен киокушинкай каратэден өткен екінші әлем чемпионатының қола медалінің жүлдегері, айтулы университеттің студенті Айжан Шарапованы жеңісімен құттықтап табыс тіледі. Жарыс шымылдығы ашылғаннан кейін тартысты сындар басталып кетті.

 

Спартакиаданың Ауыспалы Кубогын команда болып жеңіп алу оңай шаруа емес. Сол себепті ұстаздар қауымы бір қолдың саласындай ұжымдық нәтиже көрсетуге барын салып жатты.

 

Жарыстың жақсы өтуіне ұйытқы болған «Денешынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі Ерғали Мұхитдинов пен айтулы кафедраның профессоры Амантай Қарақовтардың ерен еңбектерін ерекше айта өткен орынды болар. Білікті басшы, қадірлі ұстаз, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушы Ерғали Мұхитдиновтен айтулы шара туралы піркірін тыңдағанамызда; «Біздің бұл Спартакиаданың жылдан жылға деңгейі жоғарлай түсіп, Университет оқытушылары мен қызметкерлерінің спортқа деген құмарлығы арта түскеніні көріп келеміз. Негізгі мақсат спорт арқылы жас студенттерге үлгі көрсетіп, саламатты өмір сүруге күш салу» - деп ойын ортаға салған еді. Расымен де жоғары оқу орындарында ұстаздар арасында өтетін осындай тартысты сайыстар, жас студенттерге үлкен үлгі екені даусыз. Сонымен жарыс қорытындысы бойынша, бірінші орынды Математика, физика және информатика институтының командасы жеңіп алды. Екінші орынға Педагогика және психология институтының командасы ие болса, үшінші орын Өнер мәдениет спорт иниституының үлесіне тиді. Жүлдегерлер ректордың грамотасымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Одан басқа спорт түрлері бойынша жүлделі орындар мен үздік ойыншылар да марапатқа ие болды. «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» - деген екен А.Шопенгауер. Ендеше сол бақытымызды денсаулығымыздан табу үшін, осындай пайдасы шексіз спорт шараларын сырттай тамашаламай белсене қатысып отырудың жөні бөлек емес пе. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керектігіне кей кезде мән бермей соңынан зардабын тартып жатымыз. Сондықтан да осындай спорт шараларының жиі ұйымдастырылып тұрылуы, салауатты өмір сүруге жетелейтін берекелі шара деп білеміз.

 

Авторы: Ақын Ордабайұлы

13.11.2018 ж.

Ақпарат көзі: sportpress.kz

 



172

Вернутся назад

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler