қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
14.06.2018

Латын әліпбиі: тәжірибе мен тағылым

 


 

Қазіргі өзекті мәселелердің қатарында латын әліпбиіне көшу ісі тұр. Латын әліп­биіне ауысу - сауаттылыққа салқынын тигізбей, оңай қабылданып, түпкілікті оң­тайлы нұсқасына тоқталуда әлі де тал­қылаулар толастамақ емес.

 

Осыған орай Алматы универси­тетінде «Латын әліп­­биі: ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру үрдісі» атты халық­аралық ғылыми-тәж­ірибелік конференция өтті.

 

- Елбасы жаңа әліпбиімізді бекітіп берді. Қалған жұмыс тілші ғалымдардың ен­шісіне қалып отыр. Соған байланыс­ты латын әліпбиіне көшуге сіздер жаңа ұтымды мәселелер көтеріп, ғылыми тың ойлар мен ұсыныстар айтасыздар деп ойлаймын, - деді Алматы университетінің ректоры, ҰҒА құрметті академигі, профессор Мүбарак Ермағанбетов.

 

Алғашқы баяндаманы академик Өмір­зақ Айтбайұлы жасады. Тіл білімінің білгірі «Латын жазуының жайы жөнінде» тақы­рыбында сөз қозғады.

 

Қырғыз елінің С.Нааматов атындағы На­рын гуманитарлық университетінің доценті Жаңыл Эгимбаева өз тәжірибелерін ортаға салды. Сүлеймен Демирел универ­ситетінің профессоры Азамат Акбаров «Латын алфавитіне көшудің Өзбекстан үшін маңыздылығы: алфавиттік және орфо­графиялық мәселелер» туралы баяндады. Өзбекстан тоқсаныншы жылдардың аяғында латын графикасына көшкенімен, әлі күнге дейін шешімін таппаған біршама мәселелері бар екенін айтып өтті. Әсіресе төл дыбыстардың таңбалануы мен шетелден енген сөздерді жазуда шешілмеген түйіндер барлығын жеткізді.

 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қыз­меткері, профессор Әлімхан Жүнісбек үндестік заңы, дыбыстардың таңбалануы, әсіресе төл дыбыстарды таңбалаудағы кездесіп жатқан қиындықтарға тоқталып өтті.

 

Мемлекеттік тілді дамыту институ­тының директоры Бижомарт Қапалбек латынға көшу кезінде қазақ әліпбиінде қазақ тілінің төл дыбыстары ғана таң­балануы керектігін, әр ғалым өзінше реформатор болмауы тиістігін, шетелден кірген сөздерді біртіндеп енгізу керектігіне тоқталды.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің «Қазақ тілінің теориясы және әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Жанат Дәулетбекова қазіргі ең басты түйткілдің бірі ретінде ана тілінде оқы­тылатын мектептерде қазақ тілі өзге ұлт­тарды қазақ тіліне үйретіп жатқан сияқ­ты қабылданатынына назар аударды. Қазақ жазуының негізін оқытуды міндетті пән­дердің қатарына кіргізсек деген өз ұсы­нысын жасады.

 

Конференцияда Абай атындағы ҚазҰПУ­ профессоры Розалинда Шаханова «Ла­тын әліпбиі: бүгіні және болашағы» тақы­рыбында, филология ғылымдарының докторы Гүлбану Қосымова «Қазақ ті­лінің қуат көзі - латын әліпбиі» жайлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің доценті Бәтіш Атабай «Шетел тілін оқытудың қазіргі заманғы озық әдістері», Қыздар педагогикалық университетінің профессоры Қаламқас Қалыбаева «Латын жазуына көшуде ұлттық мүддеміз көзделуі тиіс», Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы, PhD Меруерт Иманқұлова «Латын графикасына көшудің тәжірибелік маңызы» тақырыптарында баян­дама жасап, пленарлық мәжілісті аяқтады.

 

Секция отырыстарында «Түркі ха­лық­тарының жазуын латын қарпіне ауыстырудың тарихи тәжірибесінен», «Латын әліпбиі - қоғамды модернизациялау және қазақ халқы бірлігінің негізі», «Қазіргі заманғы ғылым мен білім берудегі жаңа ғылыми инновациялық технологиялар» тақырыбында жас ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.

 

Авторы: Айнаш Есали

14.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz


 



315

Вернутся назад

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler