қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
17.01.2018

 

ЕЛБАСЫ ҰСЫНҒАН ОН МІНДЕТ КӨКЖИЕКТЕРГЕ БАСТАЙДЫ

 


 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы Қазақстан қоғамында айрықша серпіліс туғызды. Жолдау бүгінде еңбек ұжымдары, білім беру ұйымдары, ғылыми мекемелер, басқару органдары, құқық қорғау, қорғаныс саласында және басқа да құрылымдарда кеңінен талқыланып, қолдау табуда. Елбасы Жолдауы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кеңейтілген актив жиналысында да қызу талқыланды.

 

Жиналысты ашқан университет ректоры, профессор Такир Балық­баев жаһандық Төртінші өнеркәсіп­тік революция аясында Қазақстанда жаңа басталған Үшінші жаңғы­рудың негізгі мақсат-міндеттерін айқындап берген Жолдаудың маңызына ерекше назар аударды.


«Қазақстан Төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайында» тақыры­бында баяндама жасаған универси­теттің Ғылыми жұмыс және халық­аралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, философия ғылым­дарының докторы, ҰҒА коррес­пондент-мүшесі, профессор Ақтол­қын Құлсариева алдымен, әлемде жүріп жатқан Төртінші өнеркәсіптік революция туралы ой өрбітті. Алғашқы өнеркәсіптік революция ХVІІІ ғасырда адамзат баласының бу машинасын ойлап табуынан басталса, өнеркәсіптегі екінші төңкеріс ХІХ ғасырдың соңына қарай электр қуатын өндірумен сипатталады. 1950 жылы басталған Үшінші өнеркәсіптік революция әлемдік электроника және ақпараттық технологиялар дамуымен айшықталады. Төртінші өнеркәсіптік революция жаһандық кибер-физикалық жүйеге цифрлық төңкеріс енгізумен ерекшеленуі тиіс. Ол «Индустрия 4.0» деп атала­ды. Енді Үшінші жаңғыру жо­лына түскен жас Қазақстан мем­лекеті Төртінші өнеркәсіптік рево­люциялық жағдайында техно­ло­гиялық, эко­номикалық және әлеуметтік сала­лардағы терең және қарқынды өзге­рістер кезеңіне қадам басып отыр.


Елбасы Қазақстан жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін елімізде қажетті нәр­сенің бәрі бар екенін атап көрсетіп, бұл салада атқарылуға тиісті нақты он міндетке тоқталды. Оның жетіншісі - білім саласына, адам капи­талына қатысты. Бұл арада Мемлекет басшысы барлық жаста­ғы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдетуді тапсырды. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс екенін атап айтты. Бұл үшін орта білім беру саласында жаңар­тылған мазмұнға көшу, жаңа бағ­дарламалар, оқулық­тар, стандарт­тар және кадрлар әлеуеті қажет. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдары қайта қаралып, жаңартылуы тиіс. Оқы­тудың мазмұны заманауи техни­калық тұрғыдан қолдау көрсету арқы­лы толықтырылады. Цифрлы білім беру ресурстарын дамыту, кеңжолақты интернетке қосу және мектептерді бейнеқұрылғылармен жабдықтау жұмыстары жалғас­тырылуға тиіс.


Цифрлы білім беру ресурстары дегенде бұл іске халықаралық та­лап­тар тұрғысынан қарау қажет. ЖОО үздік мұғалімдерінің бей­недәрістерін интернетке орна­ластыру арқылы шалғай елді­мекендердегі мектеп мұға­лімдерінің біліктілігін арттыруға қол жеткізіледі.


Елбасы атап көрсеткендей, жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен дерек­термен» жұмыс істеу үшін ақпа­раттық тех­нологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осы­ған орай, металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био жана ІТ-технологиялар саласын зерт­теу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек. Сондықтан бізге шетел­дік универ­ситеттермен, зерт­теу орталық­тарымен, ірі кә­сіп­орын­дарымен және трансұлттық ком­паниялармен бірлескен ғы­лыми жобаларды жүзеге асыру мін­деті туындап отыр. Жеке сектор ар­қы­лы ғылымды қаржы­ландыру бар­лық қолданбалы ғылыми-зерт­теу­лерді дамытуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті фи­ло­логия және көптілді білім беру инс­титутының директоры, фило­логия ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы «Елбасы Жолдауы - еліміздің тұғырлы бола­шағы» тақырыбын­дағы баяндама­сында адам капи­талын жаңғыртуда білім беру жүйесінің маңызды рөл ат­қара­тынын атап көрсетті. Ол әсіресе, ЖОО-ларға білім беру бағ­дар­ла­маларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркін­дігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керектігі туралы Елбасының тұжы­рым­дарына қолдау білдірді. Сондай-ақ қазақ тілін дамыту, орыс және ағыл­шын тілінде сабақ беру мәселе­лерінің өзектілігіне тоқ­талып, латын әліпбиіне көшуге байланысты өз ойларын ортаға салды.


Баяндамалар бойынша сөз алған университеттің Қылмыстық құқық­тық пәндер кафедрасының меңге­рушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Төлеубекова, Халықаралық қаты­настар кафед­расының меңгерушісі, саяси ғылым­дар докторы, профес­сор Жомарт Симтиков, Экономи­калық маман­дықтар кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылым­дарының докторы, профессор Борасын Иманбердиев, Педагогика кафедрасының меңге­рушісі, пе­дагогика ғылымдарының докторы, профессор Қорлан Жам­пейісова, «Тұлға психологиясы» ғылыми орталығының директоры, психо­логия ғылымдарының докторы, профессор Жәмила Намазбаева, «Интеллектуалды ұлт қалып­тастыру» ғылыми орталығының директоры, профессор Марат Нуриев және басқалар Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын бірауыздан қуаттап, Жолдаудағы жеке тұжырымдар бойынша өз ойларын ортаға салды.


Жиналысты қорытындылаған университет ректоры, профессор Такир Балықбаев оқу ордасында университетте Президент Жолдауы бойынша нақты іс-шаралар жоспары қолға алынып жатқанын айтты.


Авторы: Мырзахан Ахметов

17.01.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz

 



295

Вернутся назад

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler